ЖҮЙЕЛІЛІК ПЕН САПА – ТЕГЕУРІНДІ ТАЛАП
ҚР Президентінің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтуде. Оның басты мақсаты – өңірлердегі тазалық, абаттандыру шараларын күшейту. Осы орайда Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков апта сайын облыс орталығын жаяу аралайды. Сондай-ақ бұл жұмыс облыстың өзге де қала-аудандарында жалғасады. Нәтижесінде абаттандыру, көшелерді күтіп ұстауға қатысты тиісті тапсырмалар беріледі.
Облыс әкімі тапсырмаларының аясында қазіргі уақытта тиісті жол картасы әзірленіп, әкімдіктің күнделікті бақылауына алынды.
Өңір басшысы тағайындалған сәттен бастап, кеспе тастар мен бордюрлерді қалыпқа келтіру, ғимараттардың қасбетін қаптау, қоқыстарды жою, адам өміріне қауіп төндіретін ағаштарды кесу, үйлердің қасбеті мен мекемелердің қоршауын дұрыстауға қатысты бас аяғы 90 тапсырма берілді.
Бүгінгі күні оның 60-ы орындалып, ал 30-ы бойынша жұмыстар қолға алынды. Сондай-ақ мердігерлермен келісім уақытына, мезгілге байланысты жұмыстар атқарылмақ. Нәтиже бақылауда болады.