Жаңа оқу орны ашылады
Ұлытау облысында ашылатын Техникалық университетке Орта Азия мемлекеттерінен де студенттер келіп оқитын болады. Бұл ҚР Президентінің кеңесшісі Күнсұлу ЗАКАРИЯ, өңір басшысы Дастан РЫСПЕКОВ, Ғылым жəне жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Нұрахмет НҰРИЕВ жəне жоба басшысы Мақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТ қатысқан жиында мəлім болды.
Облыс əкімі өз кезегінде Канада университетімен бірлескен білім ордасын салу үшін əкімдік тарапынан Жезқазған қаласынан жалпы ауданы 20 гектарды құрайтын жер телімі бөлінгенін, шекарасы белгіленіп, мүлікке кадастрлық төлқұжат алынғанын атап өтті.
ҚР Президентінің кеңесшісі Күнсұлу Закария университеттің техникалық бағыттағы сапалы кадрлар дайындауда маңызы үлкен болатынын жеткізді. Ал жоба басшысы Мақсұтбек Айтмағанбет жобаның даму жоспарымен бөліссе, Ғылым жəне жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов университеттің Ұлытау облысымен ғана шектелмей, Орталық Азия мемлекеттерінен студенттер оқытуға бағытталатынын айтты. Сəйкесінше, білім ордасының барлық сала бойынша мүмкіндігі жоғарылауы тиіс.
Орайы келгенде айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сəйкес, Ғылым жəне жоғары білім министрлігі, Ұлытау облысының əкімдігі жəне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасында «Ұлытау техникалық университетінің 2024-2028 жылдарға арналған кампус құрылысы жəне жұмыс істеуі жөніндегі» Жол картасына қол қойылған болатын.
Ізбасар ОЙБАС.