Орманды қорғау – ортақ міндет
Елімізде жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде кəсіби мереке – орман шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Аталмыш мереке 2017 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген. Мереке қарсаңында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» директоры Ғалым ҚАНАТҰЛЫ ұлттық парк қызметкерлерін орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтап, осы салада атқарып келе жатқан еңбектері үшін үздік қызметкерлерді марапаттады.
«Өңіріміздің орман шаруашылығы саласында өз ісін жақсы білетін жоғары білікті мамандар еңбек етуде. Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызы зор саланы нығайтуда сіздер, білікті де білімді, іскер де қабілетті мамандар ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, өңіріміздің əлеуметтік-экономикалық жəне орман шаруашылығы салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздерге қажырлы еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді парк директоры құттықтау сөзінде.
Орман шаруашылығы қызметкерлерінің негізгі мақсаттары мен міндеттері болашақ ұрпақ үшін орман қорын сақтау жəне молайту, оларды ұтымды жəне ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ, елдің экологиялық қауіпсіздігін нығайту болып табылады.
Халқымызда «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» деген даналық сөз бар. Орман – біздің баға жетпес байлығымыз, халқымыздың ен дəулеті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тал егу, орманды алқаптарды ұлғайту ісіне тікелей назар аударып отыр. Бұл орайда, «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде еңбек ететін 70-тен астам білікті де жауапты мамандар аса маңызды жұмысты адал атқарып жүргені сөзсіз. Олар қыстың қақаған аязы мен бұрқаған боранында, жаздың аптап ыстығында табиғаттың осынау керемет сыйын көздің қарашығындай қорғайды. 58 мың гектардан астам алқапты табиғи жəне адам қолымен жасалатын апаттардан аман сақтау оңай шаруа емес.
Сондықтан да бар өмірін туған жерге арнап жүрген əріптестерімізге табысты еңбек жəне қажырлылықпен атқарып жүрген жұмыстарына жақсы нəтиже, дендеріне саулық, бақыт, отбасыларына береке тілейміз.
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.