«ЖЕЗҚАЗҒАН-ҚЫЗЫЛОРДА» КҮРЕЖОЛЫНДА дайындық жұмыстары қарқынды жүруде

Аймақтың əлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін «Жезқазған-Қызылорда» күре жолы қаншама жылдан бері түйінді тақырыптың бірі болып келген еді. Міне, сол түйткілдің түйіні біртіндеп шешіле бастаған сыңайлы. Арқа өңірін еліміздің оңтүстік аймақтарымен жалғайтын күре жолдың бойында бүгінде қарбалас шақ басталған. Қазір мұнда келесі жылы басталатын жол құрылысына дайындық қызу жүріп жатыр.

2026 жылы толықтай пайдалануға беру жоспарланып отырған жоба бүгінде облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының бақылауында. Жуырда облыс əкімінің баспасөз қызметі аталмыш күре жолдың облысымызға тиесілі аймағына барып, ондағы дайындық жұмыстарын көзбен көріп қайтқан еді.
– Көпшілік күткен күре жолда дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дəл қазір мердігер компания өкілдері өздерінің қалашықтарын тұрғызуды, асфальт-бетон зауыттарын салуды, айналма жол салуды бастап кеткен, – дейді Еркеназ Шоқан өзінің əлеуметтік желідегі бейнематериалында.
Облыс əкімі өңір тұрғындарымен кездесу барысында да Арқа өңірін көршілес облыстармен жалғайтын жолды қалпына келтіру жұмыстары биыл басталғанын жағымды жаңалық ретінде жеткізуде. Жолдың жаңғыртылуы тек жолаушылар қатынасын ғана реттеп қоймай, облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуына оң əсер ететінін де айтып отыр.

– Жаздың соңын ала өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов «Жезқазған-Қызылорда» автожолы құрылысының барысымен танысты. Жауапты министрліктерге нақтылы тапсырмалар берді. Соның нəтижесінде жұмыс қызу қолға алынып, дайындық басталып кетті. Бұл – Мемлекет басшысы, Үкімет тарапынан тікелей бақылауда тұрған жобалардың бірі. Тұрғындар тарапынан көптеген жылдар бойы көтеріліп жатқан мəселенің шешімін табуы Ұлытау өңірінің əлеуметтік-экономикалық дамуына оң əсерін беретіні сөзсіз, – дейді облыс əкімі.
Облыс əкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйеніп айтар болсақ, қазір Ұлытау облысын оңтүстікпен жалғайтын трассаның бойында дайындық жұмыстары қызу жүруде.
Бұған шетелдік 4 компания тартылған. Жалпы көлемі 208 шақырым болатын жол 8 бөлікке бөлінген. 40 жылдан астам жөндеу көрмеген жолды қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылдың сəуірінде басталып, 2026 жылдың соңында аяқталады. Жоба құны – 108 миллиардтан астам. Жол бойында 8 вахталық қалашық, сағатына 160 тонна өнім беретін 4 асфальт-бетон зауыты орналасады.
Əріптесіміз шетелдік компаниялар өкілдерімен де кездесіп, бүгінгі күні атқарып жатқан жұмыстарының барысымен танысқан екен. Соның бірі қытайлық мердігер Цянь Сяудон компанияның алдағы қауырт іске дайындық жасап жатқандарын айтты.
– Жол салу өте күрделі жəне жауапты іс. Сондықтан оған қапысыз қамдану қажет. Жолдың өзін сəуірде бастаймыз. Бізде қазір соған дайындық. Жұмысты 2026 жылдың соңында аяқтаймыз, – дейді ол.
Ал, екінші бір қытайлық кəсіпкер жол салуға қажетті асфальт-бетон зауытын тұрғызған екен.
– Біздің асфальт-бетон зауыты сағатына 160 тонна өнім береді. Көлемі 5000 тонна битум сиятын орын да дайындалған, – дейді Сонг Дайфу.

Қазір аталмыш зауыт көрші облысқа өнім дайындау үстінде. Келешекте күре жолдың бойында дəл осындай 4 зауыт салынып, жұмыс істейтін болады. Жалпы, Ұлытау облысының көлемінде қазір 1 асфальт-бетон зауыты мен көлемі 5 мың тонналық мұнай базасы дайын.
Сонымен, 40 жылдан астам жөндемді жөндеу көрмеген «Жезқазған-Қызылорда» күрежолына түрен түсті. 4 шетелдік компания 8 бөліктің жұмысын қатар атқаруға тас-түйін отыр. Құрылысқа мың жарымнан астам адам жұмылдырылмақ. Қазіргі уақытта мердігер компаниялар вахталық қалашықтар салуда. Аумағы 5 гектар болатын орында қоныс тебетін қалашықта жұмыскерлерге барлық жағдай қарастырылған. Асхана мен жатақханада тұрмысқа қажетті нəрселердің бəрі бар. Компаниялар қар түскенше қалашық салып, айналма жолды дайындайды. Ал, қыста немен айналысады? Бұл жайында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Ұлытау облысы бойынша филиал директоры Сұңғат Рахымжанов əңгімелеп берді.
– Қыс бойы компаниялар жол салуға қажетті материалдарды дайындайтын болады. Негізгі құрылыс жұмыстары алдағы көктемде басталады деп жоспарланып отыр, – дейді директор. Филиал директоры жол құрылысына жергілікті азаматтардың да көптеп тартылатынын тілге тиек етті.
– Əр компанияда 400-дей адамдар жұмыс істейтін болады. Олардың бəрі шетелден келмейді ғой. Біз негізгі жұмыс күшін жергілікті азаматтардан жасақтағалы отырмыз, – дейді Сұңғат Рахымжанов.
– Хоош. Сонымен, оңтүстік пен солтүстіктің арасын жалғайтын жолдың маңызы үлкен. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң елдің орталығында тұрған өңіріміздің логистикалық  əлеуеті де артып, игілігін халық көреді деген сенім мол, – деп түйіндейді Еркеназ Шохан өзінің бейнематериалын.
Лайым солай болғай!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.