«Мемлекеттік қызметке келсең – елге қызмет етемін деп кел»
23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлердің кəсіби мерекесі. Ұлытау ауданының əкімдігінде еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлер өздерінің төл мерекелерін лайықты қарсы алып отыр. Олардың қатарында кəсіби мансабын ең төменгі қызметтен бастап бүгінде жоғары лауазымға ие болғандар да бар.
Жалпы аудан əкімдігі – осы өңірдегі өзекті мəселелердің шешімін табатын мекеме. Мұнда жергілікті тұрғындар жауаптыларға арыз-шағым қалдырудан бөлек жеке басына қатысты жағдайларды реттеп беруін сұрайды. Сондықтан болар ауыл əкімдері көбіне сынның астында қалып жатады.
Сəтжан Құрманбаев, Сарысу ауылының əкімі:
– Оңай жұмыс жоқ қой. Соның ішінде əкімдік дегеніңіз мемлекеттік қызметтің ыстығы мен суығы, қызығы мен шыжығы аралас мекеме. Бірақ бір нəрсе анық, мемлекеттік қызметке келдің екен, ендеше халыққа қызмет етемін деп келу керек деп ойлаймын. Əрине, көтерілген мəселелердің шешілуіне қарай оңы, терісі болып жатады. Ел бізге осы шешімдерге қарап баға береді. Менің ойымша, барлық нəрсені шешуге болады. Негатив болсын басқасы болсын. Тек соның жолын, көзін таба білу керек. Рас, енді пенде болған соң əр түрлі кемшілік болады ғой. Соған қарап ол адамды іске алғысыз етіп тастау да дұрыс емес. Ең бастысы елмен тіл табысып, келісіп шешкен оңтайлы.
Иə, мемлекеттік қызметші билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Көпір қалай салынса, ел соған бейімделеді. Мемлекеттік қызметті тек мансап екен деп қана қарап, төменгілерге мұрын шүйіру ешкімді ұшпаққа шығарған емес. Тіпті, Президенттік лауазым да.
Ал Шеңбер ауылының əкімі Сағат Сұлтанов, екі тарап үшін пайдалы болатын диалогқа əрқашан ашық екенін жеткізді.
Сағат Сұлтанов Шеңбер ауылының əкімі:
– Мемлекеттік қызметкер мемлекет пен халықтың арасындағы байланыстырушы буын, мемлекеттік қызметкер бұл моралдық этикалық жоғары білімі өте жоғары жəне білімін мына практикада қолдана білетін адал қызметкер. Бірінші мемлекеттік қызметкерлер бұл қызметке бару үшін патриот болуы керек, өз ісін сүйетін фанат болуы керек, яғни, жан тəнін беріп адал қызмет етіп, халықтың үдесінен шыға білетін, күн демей түн демей сағатпен санаспайтын қызметкер.
Иə, шын мəнінде мемлекеттік қызметкерлер кəсібилік, патриотизм, адалдық пен өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын нағыз маман болуға тиіс. Бəлкім сол кезде бұл сала мамандарының беделі əрдайым асқақтап тұр…
Тоқсан ауыз сөзімізді Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен түйіндегім келіп тұр. Мемлекет басшысы президенттік лауазым, тек халық пен өзінің ар-ожданы үшін ғана емес, ең алдымен тарих үшін де үлкен жауапкерлшілік екенін атап өтті өз Жолдауында. Яғни, президенттік қызметті – белгілі бір мерзімге халықпен келісімшартқа отырған жалдамалы менеджерге теңеген еді.
«Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нəтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандастарының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Сондықтан Президенттің лауазымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған жəне атқаратын əрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың жəне өз ар-ұжданының алдында жауап береді. Сенім – елдің игілігі мен дамуына, халықтың ынтымағына негіз болатын қастерлі ұғым», – деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Əлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы жəне əділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – əрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті.
Демек адамдар арасында осы қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Бұл туралы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «өте жоғары этика мен кəсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсетілген. Сондықтан бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің əдебі мен мінез-құлық мəселелеріне үлкен мəн берілуде. Өйткені, кəсібилік пен əдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді.
Ақ жағалы көйлек пен келісті костюм-шалбар киіп, галстук байлаған мемқызметшіні көргенде көз тояды. Сырт келбетіне сүйіспеншілікпен қарап, қырлы шалбарындай керемет қызмет көрсетсе деп армандаймыз. Иə, мемлекеттік қызметшілердің атқарған жұмысына, ұжымда жəне жұртшылықпен өзін ұстауына, мінез-құлқына, сондай-ақ олардың киіну стиліне ерекше көңіл бөлінуде. Олардың моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша назар аударудың астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.
Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы дəнекер. Бұқарамен байланыс орнатып, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін мемқызметкердің жұмысы жеңіл деуден аулақпыз, əрине. Алайда, басындағы мəселесін айтып не болмаса дұрыс ақпар сұраған адамға жекіп, дөрекі сөйлейтін қызметкерлерді көз көріп, құлақ естиді. Бұл мəселе төңірегінде редакцияға келіп, мұңын айтып, арызданған тұрғындар да баршылық. Міне, осы секілді дəйектер мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыруға кері əсерін тигізіп, сенімсіздік ұялатады. Яғни «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері келіп тұр. Сөз құдіретін қазақтан артық түсінетін халық жоқ десе де болады. Сіз деп сыпайылық білдіріп, жылы шырай танытса кез-келген адам жібіп салары белгілі. Күрмеулі істің өзін мəн-жайына қанықсаңыз, бір жолы табылады. Əсіресе, ауыл əкімдері мен сала басшыларына халық көп жүгінеді. Сондықтан сыпайылық, сөз саптау, мемлекеттік қызметшінің этикасына жататын қарапайым дүниелерді тереңінен меңгерсе дейміз…
Топтаманы əзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.