Баба рухына қойылған белгі
«Өмір уақытымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» деген қағидалы сөз бар. Тіршілікте əр пенде елге жасаған жақсылығымен есте қалады.
Оразай тегі Есжаннан тараған Құлсейіт атамыз сондай жан. Ұлытау өңірінде атымтай жомарттығымен танылып бірлікті-татулықты ту еткен кісі. Құлсейіт балалары – Нұрмағанбет, Бекмағанбет. Құлсейіт атамыздың бұлақ көзін ашып елге жасаған игілікті ісі ел жадында мəңгі сақталған. Ол ақтұма бұлақты тауып, тау арасынан жылыстатып ағызып, төменгі жағынан үлкен тоған салған. Сөйтіп, бұлақ көзін ашып тіршілік нəрі ауызсуды молайтқан. Бұл сонау XIX ғасырдың орта кезі екен. Сол дəуірде Құлсейіт атамыз ағайындарының басын біріктіріп, егіншілікпен айналысуға қолайлы жағдай туғызған. Тоған суымен егінді суарып, күзде сепкен тұқымынан қыруар өнім алған. Сол маңдағы елді мекен халқын егін шаруашылығымен айналысуға бейімдеп, мал өсірумен қатар диқаншылық жолға да икемдеген. Алған өнімдерінің бір бөлігін мұқтаж жандарға үлестіріп əр кез көмек беріп отырған. Бұл жөнінде халық арасында айтылатын əңгімелер де көп. Соның арқасында жергілікті халық таршылық зардабын тарта қоймаған. Күні бүгінге дейін Құлсейіт атамыздың еліне жанашырлығы, мəрттігі ел арасында аңыз-əңгіме болып қалған. Қазір де Құлсейіт атамыздың бұлақ суын аймақ жұртшылығы пайдалануда. Бұлақтың суы таза, мөлдір. Ұлытау аумағындағы кəусар бұлақтың бірі. Бүгінде бұл маңнан туысқанымыз Ақмер баласы Қали бауырымыз «Оразай суы» айдарымен табиғи таза су дайындайтын жеке кəсіп ашып отыр. Мұның өзін ұрпақ сабақтастығы деп айтуға толық негіз бар. Таяуда сол төңіректегі бұлақ басына белгі тас орнатылды. Мұндағы мақсат – көне атау ел есінде жүрсін деген ой еді. Əрі Құлсейіт атамыздың рухына тағзым етудің белгісі. Өйткені, аңыз етіп айтуға тұратын істер тындырған Құлсейіт атамыз елеулі тұлға.
Көпей ҚҰЛСЕЙІТОВА,
еңбек ардагері.