МӘМС: ЖҰМЫС БЕРУШІ ЖҰМЫСКЕРІ ҮШІН ЖАУАПТЫ
Ұлытау облысында МӘМС жүйесінен тыс қалған тұрғындардың саны күн өткен сайын артуда. Мамыр айының ортасында мәртебесе жоқ 23 мың ұлытаулық бар болса, ай соңында сақтандырылмағандар 25599 адамға жетті.
Сақтандырылмаған тұрғындардың қатарын азайтып, тұрғындарға медициналық көмекке дер кезінде жүгініп, денсаулықтарының қадірін ұғындыру мақсатында медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы мамандары ұжымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бекітілген жоспарға сәйкес маусым айында ақпараттық кездесулер жолаушылар тасымалымен айналысатын мердігерлермен өтуде. Атап айтсақ, бүгінге дейін қалааралық, қалаішілік автобус жүргізушілері мен такси қызметін ұсынатын «Парус», «Фаэтон», «Нұр», «079», «Шульц» жеке кәсіпкерлігі қамтылды.
Жүздесу барысында жұмыс берушілерге қызметкерлері үшін ай сайын табысының 2% көлемінде МӘМС жарнасы мен өз қаржысы есебінен 3% аударым аударуы қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ, сақтандырылған адамдарға қолжетімді медициналық көмектер туралы кеңінен айтылды. Бүгінде МӘМС пакеті пациенттерге қажет негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Бейінді мамандардың кеңесі, қымбат анализдер, диагностикалық зерттеулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар және т.б. қызметтер кіреді. Бұндай операциялардың көбі бірнеше миллион теңге тұрады. Ал азаматтар ай сайын МӘМС жарнасы мен аударымын жасап, осы қызметтерді қосымша қаржы төлемей-ақ ала алады.
Сонымен бірге жиында жұмыс беруші жарналар мен аударымдарды төлеуден жалтарса, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 92-1 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанына назар аудартылды.
Естеріңізге сала кетсек, МӘМС шеңберінде әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық көрсеткіштері болса, барлық көмекті толық көлемде алуға құқылы.
Азаматтардың денсаулығы – қоғам байлығы. Баға жетпес құндылықты сақтау мен нығайту мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігінде. Ендеше, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құлағына алтын сырға…
Өз тілшімізден.