Бәсі жоғары бастама
Ұлт ұясы – Ұлытауда ардагерлердің өздері туған өңірінің өркендеуіне мүдделі болып, көмек қолын созуға ықылас танытуы үрдіске айнала бастады. Аудан орталығындағы қаржы саласының ардагерлері ұйытқы болған ізгі ниетті іс-шара – соның айғағы.
Нақтырақ айтсақ, ауданның ажарлы күйге енуін мұрат тұтқан қаржы саласының ардагерлері Мұханбетжан Əбілов, Сəуле Əубəкірова, Мəшкура Ділімбетова, Лəйла Ершұманова, Күлəш Мұханбетова əріптестерімен бірігіп, ғимарат ауласына 5 шырша, 5 тал көшеттерін отырғызды.
Одан кейін аудандық экономика жəне қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин ауданның 85 жылдығына орай өңір тарихына шолу жасап, ардагерлермен дөңгелек үстел басында əңгімелесті. Алдымен, ардагерлер өздерінің қызметте жүрген кездегі жетістіктерін əңгімелеп, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Еркін форматта өткен кездесуде сала мамандары көкейлерінде жүрген сауалдарын аға буын əріптестеріне қойып, татымды жауаптар мен маңызды мəліметтер алды. Осы ашық форматта өткен кездесуде ардагерлер бұрынғы басшысы Нұрғали Жарасбаевпен қызметтес болған күндерін сағынышпен ойға оралтып, марқұмның қаржы саласына сіңірген еңбегін тебірене еске алды. Кездесу соңында ардагерлер емін-еркін əңгімелесіп, өз ойларымен бөліскен ұйымдастыру тарапқа алғыстарын білдірді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.