«МЕТАЛЛУРГ» СТАДИОНЫНЫҢ АЛАҢЫ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Футболшыларды қолдау мақсатында қолға алынатын жұмыс мамырдың соңында басталмақ. Атап айтар болсақ, заманауи стандарттарға сай келетін, соңғы үлгідегі көгал орналастырылады. Бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, Ұлытау Футбол федерациясының президенті Ғалым Нұржанов «ULYTAU» футбол клубының мүшелерімен кездесіп, қуанышты жаңалықпен бөлісті.

«Естеріңізде болса, біз өз тарапымыздан спорттың бұл түрін қолдау мақсатында биылғы миссиямыздың бірі ретінде облыстық футбол мектебін құратынымызды хабарлаған болатынбыз.

Жыл басында футболдан арнайы балалар мен жасөспірімдерді дайындайтын мекеме ашылып, қазіргі таңда 35 жаттықтырушы 500 баланы дайындау үстінде» – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Айта кетейік, жаңа алаң орнату жұмысы Қазақстан Футбол федерациясының «Alan» жобасының арқасында жүзеге асырылмақ. Көгал ойыншылар игілігіне жаңа маусымның басында беріледі.