Ауылдарды сақтап қалуымыз қажет – Берік Әбдіғалиұлы

«Ол үшін барлық село, елдімекенге толық анализ жүргізіп, даму бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Құжат мамырдың соңына дейін дайын болсын. Соның аясында шалғай ауылдарға ел қоныстандыру, жобалар дайындау, мектептерді жабылудан сақтап қалу жолдарын қарастырамыз»-осылай деп бүгін Ұлытау облысының әкімі аппарат жиынында аудан-ауыл әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.

Өңір басшысының айтуынша, халық саны жиырмаға толмайтын ауылдардан түсетін салық көлемі аз, сәйкесінше, мемлекет ұсынған бағдарламалардың аясында ғана бір ауылды ұстап тұру оңайға соқпайды. Бұл ретте Берік Әбдіғалиұлы субисияда қаражаты, басқа да қолдауларға ие болған ірі шаруа иелері мен кәсіпкерлерді өз өңірлеріне түрлі деңгейде демеушілік жасауға шақыруды тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі «елдімекен» атауына халық саны келмейтін ауылдарды шаруа қожалықтары ретінде қарастырып, сәйкесінше сол деңгейде қолдау көрсету қажет екенін жеткізді.

Экономика басқармасының басшысы Виктория Ставицкаяның айтуынша қазіргі уақытта Ұлытау облысында 72 ауылдық елдімекен болса, оның 23-нің (16 тірек, 7 спутниктік) даму әлеуеті бар. Облыстағы аудандарға қарасты ауыл-елдімекендерді дамыту үшін «Ауыл – Ел бесігі», «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты» бағдарлама-жобалары, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске қосылған.