Су қоймалары бақылауда
Биылғы қыстың ерекшелігі, қардың шамадан тыс жаууы көктемгі су тасқынына да себепші болуда. Осыған орай облыстық құзырлы мекемелер табиғат тудыратын төтенше жағдайларға қызу əзірленуде.
Бұл бағытта əсіресе су көздері – бөгеттер мен өзендерден келер қауіп зор. Еріген қар суы мол түсетін су көздері жайылып кетсе маңындағы елді мекендерді су басуы сөзсіз. Сол үшін өзен, көлдердің жағалауын биіктетіп, суағарларды тазалау қажет. Ал, мұндай қаупі бар су көздері Ұлытау облысында жоқ емес. Мəселен, облысымыздағы Шалғия су қоймасы мен Манақа бөгеті жəне Жезді өзені осындай ықтимал су көздеріне жатады. Сол үшін аталған бөгеттер мен өзендер аумағында кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып, су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұл бағытта былтыр Шалғия мен Манақа су нысандарын күрделі жөндеуден өткізген мердігер ұйымның жəне жаңадан құрылған «Ұлытау су қоймалары» КМҚК-ның 2 экскаватор, 3 дана жүк көлігі, 10 адам су қоймаларын бақылауда ұстап отыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ұлытау ауданы Жезді кенті арқылы өтетін Жезді өзенінің 2 шақырым ұзындығына да санация жұмыстары жүргізілуде.
Аманкелді АҚШАЛ.