Батырбек МЫРЗАБЕКОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын, жазушы: «Менің негізгі тақырыбым – өңірімнің өлшеусіз тарихы»
«Қаламгерді анықтайтын кітабының саны емес. Олай болғанда бүгінде қалта қалыңдығын пайдаланып қаптатып кітап құрастырып жүргеннің барлығы атақты болып кетер еді. Жазушылықты кəсіп деп қарамау керек. Ол Тəңірдің қалауы. Ол – Құдырет күштің көкейге салған сөзін серт етіп, оған суреткерлік қуатпен жан бітіретін тұлға. Жүректен шыққан жүрекке жетеді».
Бұл өңірімізге белгілі қаламгер, ақын жазушы Батырбек МЫРЗАБЕКОВТЫҢ риясын пайымы. Төмендегі сұхбатта біз осы пайымдарды барынша ашуға тырыстық.
– Бат-аға, қос қуанышыңыз – 75 жасқа толуыңыз бен осы мерейтоймен тұспа-тұс келген Ұлытау облысының Құрметті азаматы атағыңыз құтты болсын!
– Рахмет, айналайын. Осындай құрмет танытып, қошеметтеп жатқан еліме айтар алғысым шексіз.
– Зейнеттегі қаламгер не бітіруде? Əңгімемізді осыдан бастасақ.
– Мен қазір қол қусырып қарап отырмын деп айта алмаймын. Оған аузым да бармайды. Жалпы, менің түсінігімде журналист өзін «зейнеттемін» демеуі тиіс. Қаламгер қашанда қоғамның бел ортасында жүріп, өзінің белсенділігімен ерекшеленіп, пайымды ойы, мазмұнды сөзімен елге қызмет жасауы керек. Қаламгер баспасөзге үнемі мақала жариялап тұрмаса да, өзінің ортасында елдің дамуы, Мемлекет басшысының салиқалы саясаты жайлы парасаты жеткенше əңгіме өзегіне айналдырып, насихаттау қажет. Бір сөзбен айтқанда, үнемі жұмыс үстінде болуы керек қой. Мен өзім солаймын. Жиырма жасымда журналистік еңбек жолым басталған екен. Қазір міне, 76 жасқа қарай аяқ бастым. Содан бері қолымнан қаламым түспей келеді. Аз жаздым ба, көп жаздым ба оны дөп басып айта алмаймын. Əйтеуір аудандық газетте болсын, облыстық газетте болсын қал-қадірімше жаздым. Біреуден асып кеттімде демеймін, біреулерден қалып қойдым да демеймін. Бар ынта-жігерімді өзіме берілген тапсырманы орындауға жұмсадым. Солай деп ойлаймын.
Мен сол кездегі Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетіне келгенімде, мұнда кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін сайтың тасындай мықты журналистер жиналған екен. Мұны мен өзіме бұйырған бақ деп санадым. Өйткені журналистика саласында білетінімнен білмейтінім көп еді ол кезде. Солардан көп нəрсені үйрендім. Бөле жара айтпаймын, маған тұтас ұжым үлкен мектеп болды. Редакторынан бастап бəрі бір мақсатқа жұмылған ұжым болды. Солардан ұжымдық жұмысты көрдім. Оның ішінде апта сайын өтетін лездемесі қандай. Сол аптада шыққан нөмірдің əр материалын жіктеп, жіліктеп талдағанда таң қалатынмын. Ал, бұл лездеме деген шын мəнінде журналисті шыңдайтын үлкен құрал еді. Жазған мақалаң аптаның басындағы лездемеде іске алғысыз болып қалмасын десең барыңды салуың керек. Ізденіп, тақырыпты тарқатып жазуға тырысуың қажет. Əйтпесе, еңбегіңнің зая кеткені. Міне, мен осындай мектепті көріп өстім, сол талқыда шыңдалдым. Ал, сол мақалаңды талдап, талқылап тастағанда саған жамандық ойлағандықтан емес, керісінше қателігін көріп, келешекте содан сабақ алсын, үйренсін дейді. Мұндай талқыға жас журналистер ғана емес, сақаларының өзі түсіп, сең соққандай сенделіп шығып жататын.
Осылай шыңдалып шыққаннан кейін де шығар, кешегі оңтайландыру жылдарындағы ауыртпалықтарға аса мойын ұсына қоймадым. Облыс тарап, облыстық газет қалалық газет болды. Онда да біршама жыл тер төктім. Кейін республикалық «Қазақ газеттері» серіктестігінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болдым. Серіктестіктің қарамағындағы үш газет, үш журналған қазыналы Қарағанды мен Ұлт ұясы Ұлытау өңірінің, жазиралы Жаңаарқа жұртының жақсылықтар мен жаңалықтарын жазып тұрдым, жоғын жоқтап, билік пен бұқара арасында алтын көпір болдым. Осы кезеңдерде журналистиканы серік еткен жігіттермен бірлесіп тəуелсіз басылым – «Наз», «Дауа» сынды сол уақытқа сай шағын газеттер шығарып, оның пұшпағын да біраз жыл иледім. Қазір «Ұлытау жəне ұлт» деген журнал шығарып отырмыз. Сегіз жылға жуықта да, журнал өз оқырмандарын, өз ортасын тауып, жарық көріп келеді. Одан қалды 4 романым, 6 поэмаларым 5 балладам жарық көрді. Олар жеке-жеке кітап болып, топтама болып баспадан басылып шықты. Оның сыртында аңшының əңгімелері, ғұмырнамалық кітаптар мен очерктер, портреттер, публицстикалар топтама болып шығып жатыр. Осының бəрі зейнеткер қаламгердің қаламынан туындап жатқан дүниелер.
– Кітаптағы негізгі көтерген мəселе мен тарқатар түйіні не жайлы?
– Əртүрлі. Басым көбі өзіміздің Ұлытау өңірінің арғы-бергі тарихы. Осы өңірдің ХІХ-ХХ ғасырдың əлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, сол кездегі саяси ахуалды суреттейтін тарихи туындылар. Мəселен, кешегі төрт босағаның тарландары, олардың көтерген жүгі, парасат-пайымы, Төлек батыр мен оның Ерденге дейінгі ұрпақтарының тартыс-таласқа толы өмір жолдары, бүгінгі замандастарымның бейнелері, олардың қоғамдағы орындары жайлы толып жатқан тақырыптарды қамтиды. Бүгінгі ұрпақ, қазіргі қоғам, өмір жайлы ой-толғаулар да бар.
Осы жерде мына бір мəселені ашып айта кеткім келеді. Менің шығармаларымның негізгі тақырыбы – Ұлытау өңірінің өлшеусіз тарихы.
– Жалпы, əдебиетке қалай келдіңіз?
– «Мен бала кезімнен жазушы болуды армандадым» деп жатады ғой, көпшілік қаламгер. Өз басым жазушы боламын деп ойлаған емеспін. Əкем мал дəрігері болды. «Балам, қарының тоқ жүрсін десең мал дəрігері бол» деді. Анам аудандық ауруханада жұмыс істейтін. «Елге сыйлы боламын, таза жүріп, таза тұрамын десең – дəрігер бол» деді.
Мен екеуін де тыңдаған жоқпын. Алматыға барып, журналистикаға оқуға түстім. Жасымнан əдебиетті жақсы көрдім. Кітапты көп оқитынмын. Ол кезде танымал жазушылардың кітаптарын таңдап оқуға мүмкіндік болды. Кім қандай дүниені ұнатады, ол оның өз қалауы. Біреу лириканы, біреу тарихи шығармаларды, біреу шытырман оқиғалардан тұратын детективті ұнатуы мүмкін. Бір ғажабы, кешегі кезеңде осындай туындыларды таңдап оқуға мүмкіндік болды. Əлемдік əдебиеттің жауһарларынан да тереңдеп білім алдық. Əркімді əдебиетке қызықтыратын осы. Қазір балалар кітап оқымайды дейміз. Оқымайды емес, нағыз асыл сөз бен көкжасық дүние мидай араласып кетті. Шынайы іздегенін таба алмай оқырман шатасып кітаптан да жери бастады.
Біздің бақытымыз – нағыз сөз маржанына қанығып, сана-сезіміміз жақсы мен жаманды ерте ажыратып ер жеттік. Кіршіксіз тазалықтың кəусар бұлағына сусындап өстік.
Одан қалды мен нағашы жездем Қалижан Бекқожинның үйінде қазақ əдебиетінің сол кезеңдердегі марқасқаларының қолына су құйып, əңгімелеріне қанығып жүрдім. Бір ғана Сəбит Мұқановтың «Ғұмырлы бол балам» деп маңдайымнан сүйгенінің өзі неге тұрады. Солардың бəрінің шапағаты тиді ме қайдам, қазір əдебиеттің ауылында жүргеніме.
Ойда жоқта мұзды балақ Мұқағали Мақатаевқа жолықтырған тағдырыма осы күнге дейін мың мəрте шүкіршілік айтам. Мұқағали мені жарылқап тастаған жоқ. Бірақ ағалық ақылын айтып, дем беріп жүрді. Əлі есімде, қыстың көзі қырауда əкім қайтыс болып, Ұлытаудан Алатаудың баурайындағы Алматыға көп кешігіп келдім. Сонда Мұқаң кездесіп қалып, «Əй Батыр, келдің бе. Əкең қайтыс болыпты, артының қайырын берсін. Мен сені енді келмей қалады-ау деп ойлап едім. Жарадың. Əке – асқар тауың. Бірақ, ол мəңгі қасыңда жүрмейді. Өмірге, сол өмірді дұрыс сүруге талпыну керек», деп біраз мұңымызды шағысып едік. Қапа болып жүрген жүрегіме қайыра қуат беріп еді сонда Мұқағали. Осының бəрі мені əдебиет əлеміне жетеледі ме деймін.
Десек те, негізде бірдеңе барау, сірə. Өйткені, менің нағашым Бимолдин Жауғаш деген кісі. Ол кісі ақын болған. Жауғаштың інісі Ыбырахым да халық ақыны. Ұлытау-Жезқазған-Қарсақбай төңірегіндегі кешегі Болман ақындармен қатар өмір сүрген, Қазақ Кеңес əдебиетіндегі аты аталып, өлеңдері кірген ақындардың бірі. Ал мен сол Жауғаштың қызынан туамын. Ендеше мен қалай жазушы, журналист болмауым мүмкін… Қазақтың «тегіне тартқан» деген сөзі əсте тегін айтылмаған.
– Жазушының шығармасы жүрекке жылы тиуі үшін ең бастысы не қажет?
– Жазушының шығармасы оның тағдыры деген сөз. Жан түкпірінен қайнап шыққан қоспасы жоқ ақиқат құбылыстар өзгенің көңіліне мінсіз қонақтап, ақылды, ойды, сезімді қозғайды. Бірге күлдіріп, бірге мұңайтады. Қанша заман ауысып, қоғам жаңарса да бір топырақта туған адамның тамыры бір, табиғаты егіз. Сондықтан да тілегі, қуанышы, мұңы ортақ арна тауып, жүректері бірге соғады. Бəрі де баянсыз өмірде бақытын іздейді.
Мен өз шығармаларымда осы мəселелерге баса назар аударамын. Жазылып біткен кітабымды баспаға бермес бұрын арнайы сараптаулардан өткізіп, кітапқа арқау болған оқиғалар мен сол оқиғалар өткен дəуірлерден хабары бар деген білікті азаматтарға оқытып, кеңесін аламын. Кітап желісінің біржақты жазылып кетпеуіне, елдің бірлігі мен ағайынның арасына сызат түсіреді-ау деген жайттардан аулақ болуға тырысамын.
– Осы сауалды толықтыра түссек. Жақсы жаза білу үшін не қажет?
– Жақсы шығарма шынайы тағдырдан тұрады. Жүректен шығады. Мұңнан туады. Сондықтан, біріншіден жазар тақырыбыңды əбден зерделеп ал. Оны ой қазанында əбден қайнат. Суы шығып, құнары қалды-ау деген кезде қазақы қасиетпен, қазақы, шұрайлы тілмен байытып, қағазға түсір. Мен осылай істеймін. Қазір жаңа бір тарихи кітапты жазып бітіп қалдым. Кітапқа арқау болған кейіпкер мен оның өмір сүру кезеңі кешегі ғасырлардан бастау алады. Басты кейіпкері Ахмет ишан Оразайұлы. Ол кісі тарихи тұлға. Кешегі аумалы төкпелі уақытта елдің бірлігін сақтауға, жаңа қоғамға дұрыс қызмет етуге үндеген, ислам дінін насихаттау арқылы елді дұрыс жолға бастаған діни тұлға. Сондықтан да оның іс-əрекетін бүгінгі ұрпаққа дұрыс жеткізіп, жастарға дұрыс түсіндіре білу қажет. Сондықтан да мен кітапті бірден баспаға бермей əдебиетшілер мен дін саласының білгірлерінің сараптауынан өткізіп алуды жөн көрдім. Қазір кітаптың қолжазбасын тарихшылар мен діни мамандарға, тиологтарға беріп қойдым. Сол кісілердің пікірін күтіп, кітапты содан кейін барып баспаға беремін.
Екіншіден, жазушы мансапқа малданбау керек. Қызметке қызықпау керек. Ондай ниет араласты дегенше əдебиет жапа шегеді.
– Талант дұрыс бағаланбайды. Белден басты, жолдан кесті деген сөздермен келісесіз бе?
– Жоқ, келіспеймін. Жазушының өзін таныту мүмкіндігіне ешкім кедергі бола алмайды. Қазірде оқырманның талабы да, талғамы да өсті. Оның үстіне жариялылыққа жағдай көп туып отыр. Сондықтан бұл тұрғыда қазір қауіп жоқ. Қазір бар міндет – жақсы жаза білуің ғана.
– Қазір қандай кітап жазудасыз?
– Əлігінде айтып өттім ғой, бір тарихи туынды дайын болды деп. Ол Ахмет ишан Оразайұлының өмірі мен тұлғаның өз дəуіріндегі атқарған рөлі жайлы «Қорғантастан козғалған көш» деген тарихи роман. Кітапты əуелде Ахмет ишанның өмірдегі ұстанымына ыңғайлап, дінмен байланыстырып «Хақтың жолында» деп қоюды ойлап едім, бірақ қазір діннің төңірегі дүрбелеңге толы болған соң ол ойымнан қайтып, «Қорғантастан қозғалған көш» деп атадым. Өйткені Ахмет ишан осы Қорғантас өңірін мекендеп, сол жердегі қызыл үйінде тұрып, медрессе ашып, бала оқытып, елді емдеп халыққа өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазақ елінің Қоқан хандығы мен орыс патшасымен арадағы саяси ахуалды тұрақтандыруда да Ахмет ишанның сіңірген еңбегі аз емес. Кітапқа осының бəрін арқау етуге тырыстым.
– Бұл соңғы кітабыңыз емес шығар?
– Құдай бойға қуат берсе əлі де жазсам деген тақырыптарым бар. Мəселен, Қозы-Көрпеш пен Баян сұлудың өмірі жайлы тың тарихи хиқаятқа сұранып тұр. Өйткені сол ғашықтардың өмір сүрген жері осы біздің Ұлытаудың өңірі. Ендеше осындай елге мəшһұр жандар, махаббаттың символына айналған ғашықтар өмір сүрген ортада тұрып жатып олар жайлы неге жазбасқа деген ой келді. Əрине, бұл əзірге жоспарлар ғана.
– Бос уақытты қалай өткізесіз?
– Сол бос уақыт дегеніңіз менде жоқ-ау. Таңғы намаздан кейін жазу үстеліне отырамын. Рас, арасында тынығып, серуендеп қайтатыным бар. Кітаптан қолым қалт еткенде «Ұлытау жəне ұлт» журналдың беттерін жоспарлаймын. Осылай уақыт жетпей де жатады.
– Кітап оқисыз ба? Қолыңызға алғаш кітап ұстаған кезіңіз есіңізде ме?
– Бұрын көп оқыдым. Ауылдағы кітапхананың тұрақты оқырманы болдым. Мырзабек атам аңшы, əңгімешіл кісі еді. Үйге ауылдың үлкендері келіп, əңгіме дүкен құрғанда солардың қасында отырып алып, əңгіме тыңдайтынмын. Кітапқа қызығушылығым сол балаң кезден басталды. «Үлкен кісілердің осы айтқандары кітапта бар ма екен, оқыса ғой», деп ойлайтынмын. Ал, енді ең алғаш оқыған кітабым «Қаңбақ шал» деген кішкентай ғана кітапша еді. Содан бастап ертегілер оқып, кейін үлкен əңгіме, повестерге ауыстым.
Иманжан Жылқайдаровтың қасында көп болып, əңгімесін көп тыңдадым. Алланың берген қабілеті шығар, зерек болдым. Сол кездегі айтылған əңгімелер менің көкейімде əлі сайрап тұр. Иманжанның Аманкелді батырмен қалай төс түйістіріп, өмірлік дос болғандары, кешегі аумалы-төкпелі уақытта қырық кісі қол қойып жала жауып хаттама толтырғанда оны қалай арашалап алғаны жалпы əңгіме əлі санамда сайрап тұр. Бұлардың бəрі Алла бұйыртса алда жазылар шығармаларыма арқау болары хақ.
– Бірнеше рет оқыған кітап бар ма?
– Бар ғой. Мен Мұқағалиды, Омар Һаямды қайта-қайта оқудан жалыққан емеспін.
– Кітап қорыңыз жайлы бөліссеңіз…
– Үйдегі бір бөлменің бір қабырғасы толы кітап. Онда түрлі бағыттағы, мəн-мазмұны сан алуан кітап бар. Оның басым көпшілігі қазақ əдебиеті мен қазақтың тарихына қатысты дүниелер. Солардың қатарына өзімнің де кітаптарым қойылды.
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.