Мұрат МӘТКЕНОВ, Қарсақбай металлургиялық зауытының директоры: «Бар мақсатым — әке ісін абыроймен жалғау»

Қадырдан қалған қарашаңырақ қазірде қалыпты жұмыс істеп тұр. Оның тізгіні бүгінде баласы Мұрат Мәткеновтың қолында. Күні кеше, ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында Мұрат Қадырұлы «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл әке ісін абыроймен жалғап жүрген баланың жұмысына берген бағамен бірдей…

– Марапат құтты болсын, Мұрат Қадырұлы!
– Рахмет. Шынымды айтсам, бұл мен үшін үлкен марапат. Мен осы салаға келгенде ең бастысы әке ісін абыроймен жалғастыруды мақсат етіп едім. Сірә, сол үрдістен көріне алған шығармын.

– Қадыр аға ақтық демі таусылғанша осы қарашаңырақты шайқалтпаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрді ғой. Зауыттың қазіргі тыныс тіршілігі қалай. Ана бір кездері консервацияға қойылады деген әңгіме айтылып қалып еді. Соның жайы не болды. Әңгімені осыдан бастайықшы.
– Иә. Мұндай әңгіме болғаны рас. Оған өңір жұртшылығы өре тұрып қарсылығын білдірді. Мен де Нұрахмет Қанатұлына кіріп, мән жайды түсіндірдім. Егер, Қарсақбай зауыты жұмысын тоқтатса жүздеген адам жұмыссыз қалатыны өз алдына, тұтас кенттің жағдайы тұралайтынын айттым. Өйткені кент тұрғындарын сумен, жылумен, электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған осы зауыт.
Басқарма төрағасына рахмет. Жағдайымызды түсініп, жұмысты жалғастыруға рұқсатын берді. Рас, өндірісте бірқатар оңтайландыру да болды. Бұрын мұнда екі жүзге жуық адам жұмыс істейтін еді. Қазір 105-тей адам қалды. Бірақ, жұмыс ауқымы кеміген жоқ. Біздің жұмыскерлер кез келген көлемде және кез келген формадағы бұйымдарды құйып шығаруға қауқарлы екендерін көрсетте алды.
– Бүгінгі таңда зауыттың қарамағында қанша цех жұмыс істеп тұр? Олар мамандармен толық қамтамасыз етілген бе?
– Қазір бізде зауыттың негізгі өзегі – құю механикалық учаскесінен басқа эксковатор-бульдозер шаруашылығы, су тазарту цехы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұған дейін кенттегі әлеуметтік маңызды нысандарды жылумен қамтамасыз ету де осы зауыттың еншісінде болатын. Алайда, жылу қазандығының ұзақ жыл күрделі жөндеу көрмеуі, тарифтің шығында ақтамауы салдарынан біз жылу қазандығының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болдық. Қазір кенттегі әлеуметтік маңызды нысандар – мектеп, балалар бақшасы, аурухана, мәдениет пен спорт нысандары модулдік жылу қазандықтары арқылы жылытылатын болды.
Зауыттың айналысатын тағы бір өзекті саласы – кент тұрғындарын, нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ету. Рас, тоқ желілері біздің зауытқа қарамайды. Бірақ, оған қарайтын, жұмысын жолға қоятын арнайы мекеме тағы жоқ. Сондықтан бұл істі біз өз монымызға алдық. Тоқ желілерінің бәрі ескірген. Тансформаторлардың кейбірі сонау ағылшындардан қалған құрылғылар. Осылардың бәрін зауыттың күшімен жамап, жасқап отырған жайымыз бар. Сондай-ақ, халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін 16 шақырымдық су құбырларын күтіп ұстау да біздің мойнымызда.
– Жылу қазандығы жұмысын тоқтатыпты. Ал, онда жұмыс істейтін мамандар қайда кетті?
– Әлгінде айттым ғой. Зауытта оңтайландыру процесі болды деп. Бұл құю-механикалық зауытының жұмысына да әсерін тигізбей қойған жоқ. Кейбір мамандарымыз Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы өндіріс орындарына ауысып кетті. Сол мамандарды осы жылу қазандығының жұмыскерлері есебінен толықтырып отырмыз. Яғни, орарды жергілікте жерде білікті мамандардың қасына қойып, оқытып, үйретіп жатырмыз. Олар бірер айда жаңа мамандықты меңгеріп алып жатыр.
– Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – өңірлердегі өзекті мәселелердің бірі ғой. Осы жағын тарқата айтып өтсеңіз.
– Иә, су – тіршілік көзі. Бұл мәселе еш уақытты өзінің маңыздылығын жойған емес. Үстіміздегі жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы бұған ерекше мән беріп, бірқатар тапсырмалар да жүктеді. Соған сай біз де халықтың байлығы суды тиімді әрі сапалы жеткізуді қолға алып отырмыз. Негізі біздің су тазарту цехы арқылы келетін ауыз судың қуаты 15-20 колонкаға ғана арналған. Алайда біз, халықтың өскелең талабын қанағаттандыру мақсатында ауыз суды барлық үйлерге кіргізіп бердік. Сәйкесінші қуатын да көтердік. Бірақ, жаз күндері су кенттің жоғары аймақтарындағы тұрғындарға толық жетпей жатады. Оған елдің бау-бақшаларын суаруы әсер етеді. Келешекте шаруашылыққа қажетті су беретін құбыр тарту да жоспарымызда бар. Бұл бағытта «Қазақмыс» корпорациясының басшыларына рахметімізді айтамыз. Корпорация тарапынан кенттегі су қоймасының дамбасын жөндеу қолға алынбақ.
– Соңғы сауал, зауытта кент тұрғындарының қаншасы жұмыс істеп, нәпақа тауып отыр?
– Әкем марқұм Қарсақбайдың зауыты қарсақбайлықтар үшін жұмыс істеуі тиіс деп отырушы еді. Мен де осы әкем ұстаған позициядан алшақ кетпеуге күш салып жатырмы. Сөзімнің басында айтып өттім емес пе менің бар сақсатын сол әке ісін абыроймен жалғастыру деп. Осы орайда мен зауытта Қарсақбайдағы әр үйден бір адам жұмыс істеуіне мән беремін. Мейлі ол құюшы, мейлі ол токар, мейлі ол қалып жасаушы, су маманы. Шүкір, халықты шамамыз келгенше жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл мәселені корпорация басшыларына да шаман келгенше жеткізіп бағудамын. Қалай болғанда да жұмыс көлемін кемітпей, жұмыскерлерді қысқартпай жұмыс істеуге күш салып бағудамыз. Бұған басқарма басшысы Нұрахмет Нүриев те түсіністікпен қарауда.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.