Ұлытау ауданының әкімі лауазымына үміткер Аманжол Батырбекұлы Мырзабековтың Сайлауалды бағдарламасы
Аманжол Батырбекұлы Мырзабеков 19 қаңтар 1973 жылы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау селосында дүниеге келген.
– 1980 жылы №1 Ұлытау орта мектебіне қабылданып, 1990 жылы аяқтады.
– 1990 жылы Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтына түсіп, 1995 жылы гидромелиорация мамандығы бойынша жоғары білім алды.
– 2011 жылы Қазақстан-Ресей университетіне түсіп, 2013 жылы құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алды. Еңбек жолын 1995-1996 жылдары Жезді аудандық комиссариатының 1-бөлім бастығының аға көмекшісі;
– 1997-1998 жылдары Ұлытау ауданы әкімінің көмекшісі;
– 1998-1999 жылдары Ұлытау ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің аға маманы;
– 1999-2005 жылдары Ұлытау ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлім меңгерушісі;
– 2005-2007 жылдары Ұлытау ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі;
– 2007 жылы Ұлытау ауданы әкімі аппаратының жетекшісі;
– 2007-2017 жылдары Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары;
– 2017-2018 жылдары Ұлытау ауданының жер қатынастары бөлімі басшысы;
– 2018-2021 жылдары Ұлытау ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы;
– 2021-2022 жылдары Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы;
– 2022 жылдан бастап Ұлытау ауданының әкімі.
Отбасылы, 4 баланың әкесі.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Туған елім – өрісім, Еңбек етемін сен үшін!
Қымбатты жерлестер!
Кез-келген адам үшін туған жері айрықша ыстық. Мен, Ұлытаудың тумасы екенімді әрдайым мақтан етемін және ел игілігі үшін қызмет ету – абыройлы парыз деп түсінемін.
Ұлытаудағы мектепті бітіріп, 1995 жылы жоғары оқу орнын аяқтап келіп, туған өңірде еңбек етуге бел будым. Содан бері 28 жылға жуық уақыт өтті. Аға буын өкілдерінің ақ батасы мен қолдауы, жұмыс барысында берген тәлім — тәрбие, бағыт-бағдарының арқасында, біліктілігім мен жинаған тәжірибем, осы өлкені өркендету ісіне білек сыбана кірісіп, «Ел аманаты» деген жауапкершілігі орасан жүкті мақсаты үндес азаматтармен бірге арқалап келемін. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарта түсуге бағытталған жоспарлы жұмыстарым сәтімен жүзеге асса, тізе қоса атқарған істің нәтижесі – ауызбіршілік пен ынтымағы жарасқан туған ауданымыздың барша тұрғындарының жетістігі деп білемін.
Былтырғы жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Ұлытау облысы құрылып, оған дүйім ел болып қуандық. Облыс басшылығы тарапынан маған, осы өлкенің тумасы ретінде Ұлытау ауданын дамытуға зор мүмкіндік берілді. Өкілетті орган мен атқарушы билікте қызмет ете жүріп жылдар бойы жинаған біліктілігім мен мол тәжірибем ескеріліп, аудан әкімі қызметіне тағайындалдым.
Әкімдік тізгінді қолыма алғаныма 1 жылға жуық қана уақыт өтті, осы аз ғана уақытта аудандағы күрделі мәселелер сараланып, оны оңтайлы шешу жолдары қарастырылды, елді мекендерді дамытудың ауқымды жоспарлары жасалды. Жоспар аясында Мемлекет басшысының белгілеп берген әлеуметтік — маңызды жобаларын іске асыру көзделген, яғни, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау, «Білімді ұлт» сапалы білім беру, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Қауіпсіз ел», кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалары бар.
Аталған жоспарда ауданға қарасты барлық кент, ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық даму жолдары қарастырылған. Биылғы жылдың өзінде барлық елді мекендерде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген жұмыс ауызсу мен автокөлік жолдарын салу және жөндеу жұмыстары, көшелерді жарықтандыру, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы, балалар алаңдарын орнату, білім беру, мәдениет, денешынықтыру және спорт ғимараттарын жөндеу, пән кабинеттерімен жабдықтау, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа техникалар сатып алу, Жезді, Ұлытау елді мекендерінде жаңадан үйлер құрылысын салумен ерекшеленді. Жүзеге асырылған жұмыс аз емес, ал жоспарлы шаралар – одан да ауқымды.
Алтын бесік – ауылдардың келбетін тартымды ету, тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру әрекеттері кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты 2023-2024 жылдарға арналған Ұлытау ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасында белгіленген талаптардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы менің алдағы іс-әрекеттерімнің басты өзегі болады. Оның ішінде, «Кірісті арттыру», «Өмір сапасын арттыру», «Өмір сүру жағдайларын жақсарту», «Экологиялық жағдайды жақсарту» бағыттарында қамтылған кешенді іс-шараларды кесімді мерзімінде, келісті түрде іске асыруды азаматтық парызым деп білемін.
Партияның сайлауалды бағдарламасында Ұлытау облысы бойынша жол картасын іске асыру аясында 2024-2025 жылдары аудан бойынша 4 медициналық-акушерлік пункттің, орталық аурухананың салынуына және 2025 жылға дейін елді мекендерді ауызсумен 100% қамтамасыз етуге ықпал етемін;
• Денсаулық сақтау мен білім беру саласы бойынша
Денсаулық сақтау саласы бойынша жоспарға сәйкес, биылғы жылы 6 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізілсе, алдағы жылы 4 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 медициналық пункт құрылысын салу жоспарда. Аудан орталығында 20 орындық аурухана құрылысы басталды. Аталған нысанды келесі жылы толық іске қосу жоспарда бар. Ауданды дәрігер кадрлармен толықтыру мақсатына бағытталған жобалар қатарында оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, материалдық көмек көрсету қарастырылған. Демеушілік есебінен аудандық ауруханаға келген жас мамандарға көтерме жәрдемақы, әлеуметтік осал топқа жататын мүмкіндігі шектеулі балаларға қажеттілігіне байланысты құрал-жабдықтар алуға көмек көрсетілді. Болашақта аудан орталығында жаңадан салынып жатқан аурухана құрылысын аяқтау, Абай көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй құрылысын тиянақтап, пайдалануға беру міндеті тұр.
Болашағымыздың жарқын болуы білімді әрі тәрбиелі ұрпақты қолдаудан бастау алады. Білім сапасын арттыру мақсатында 2024–2025 жылдар аралығында Ұлытау ауылында 300 орындық мектеп, 100 орындық 1 мектепке дейінгі ұйым, аудан орталығында оқушылар сарайын, балалар лагерін салуға, білім беру объектілерін жаңарту және күрделі жөндеуден өткізуге салу жоспарланған. Жалпы аудан бойынша барлық мектептерді кезең-кезеңімен арнайы жабдықталған пән кабинеттерімен қамтамасыз ету көзделген.
• Әлеуметтік-экономикалық өрлеу бағыты бойынша
Ұлытауда тарихи, ұлттық туризмді дамыту бағытында ауқымды жоспарларым бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әулиетау» тауы баурайындағы Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысын сапалы аяқтау – бірегей парыз. Адамдар демалатын орындар абаттандырылып, қасиетімен танымал Әулиетаудың туристерге қолайлылығы арта түседі. Туризмді дамытуға байланысты «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен «Әулиетау», «Күмісбұлақ» және «Тасбұлақты» абаттандыру – алдағы уақыт еншісіндегі іс. Басқа да тарихи жерлерде инфрақұрылымды дамыту қолға алынған. Аудан халқы туризмді дамытуға бейімделуі керек, осы бағытта Қазақстан бойынша туризм әлеуеті зор аймақтармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуды жолға қоямыз. Ауданға қоныс аударушылар қатарын ұлғайту қажет. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы қайтарымсыз гранттар арқасында олар өз кәсіптерін ашып, ауданның көркеюіне өз үлестерін қосуда. Осы тектес бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Халық сұранысын өтеу және туризмді дамыту мақсатында барлық ауылдарға интернет желілері іске қосылды. Болашақта интернет жылдамдығы арттырыла түсетін болады.
2024-2025 жылдар аралығында Жезді кентінде спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға және Ұлытау ауылында жабық бассейн салуға, республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі автокөлік жолдарын жөндеу, сонымен қатар, кенттер мен ауылдардағы көшеішілік жолдарды асфальттау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. «Қатысу бюджеті» арқылы кенттер мен ауылдарда балалар ойын алаңдарының қатарын ұлғайту да – жоспарда тұрған шаруалар.
Аудан орталығынан «Қазпошта» ғимаратын, Ұлытау, Жезді кенті орталығында заманауи жанар-жағармай бекетін ашу жоспарда бар. Қазіргі таңда құрылыс нысандарының жерлері дайын.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер ұйымына, аналар кеңесіне, жергілікті БАҚ өкілдеріне қолдау көрсетіліп, қаза болған тәртіп сақшылары рухына құрмет ретінде ескерткіш тақта орнатылды.
• Коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы саласы бойынша
Аудан бойынша ішкі және кіреберіс жолдарды асфальттау – басты назарда. Биыл барлық ауылдарда тозып кеткен көшеаралық жолдарға (11 км 778 метр) асфальт төселді. Аудандық деңгейдегі 32 км жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшелер жарықтандырылады, суағарлар, тротуарлар салу жұмысы жалғасын табады. Ең өзекті мәселенің бірі – ауыз су мәселесін шешу мақсатында су мұнараларын қалпына келтіру, су тазарту қондырғылары мен су құбырларын айырбастау жұмыстары күшейтіледі. Балалар ойын алаңдары қойылып, көпшілік серуендеуге арналған саябақтар мен гүлзарлар қалпына келтіріліп, жаңадан салынады. Аудан орталығында және Жезді кентінде үй кезегінде тұрған азаматтар үшін сапалы үйлер салу алдағы жылдары да жалғасын табады.
• Мызғымас ортақ құндылықтарды нығайту бағытында
Тұрғындарды бірлікке, еңбекқорлыққа баулитын шаралар жобаларын жүзеге асыратын боламыз. Тарихты тану арқылы болашаққа қанық қадам басып, отансүйгіштік рухынан нәр алып, биік жетістіктерге жету – қастерлі борыш. Республикалық, халықаралық деңгейде іске асырылатын мәдени және спорттық жобаларымыз Ұлытаудың атын асқақтата түсері анық.
Ұлт ұясы – Ұлытауды дамыту бағытындағы жоспарымның қысқаша сипаттамасы осы. Мен үшін ең бастысы – жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылуы, сол арқылы аудан халқының игілігі үшін қызмет ету.
Бүгінгідей күрделі кезеңде халық тарапынан артылатын зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен шығу – үлкен сын екенін жан-тәніммен сезінемін.
Аудан әкімі лауазымына үміткер ретінде Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін өте маңызды!