Сәрсенбай ата Стамбұлды бетке алды

Осыдан екі ай бұрын Жезқазған жұртшылығы ақжол тілеп аттандырған жиһанкез Сəрсенбай ҚОТЫРАШЕВ Түркияның астанасы Анкараға жетті. Жаһанды жаяу жүріп бағындыруға шыққан жерлесіміз екі айлық жолды артта қалдырып өзінің биылғы межесін Түркияда аяқтамақ.

Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылы еліміздің 17 облысын жаяу шарлап шыққан Сəрсенбай Оспанұлы биыл жаһанды жаяу жүріп өтуге бел буған еді. Мақсаты – əлем жұртшылығын бейбітшілікке шақыру һəм қазақ елін жаһанға жақынырақ таныстыру.
Алдын ала жасаған жоспарына сəйкес жиһанкез өзінің сапарының бірінші бөлімін Түркияда түйіндеуі керек-тін. Қазір ақсақал сол межесіне жетті. Өткен аптада Сəрсенбай атамыз Түркияның астанасы Анкара қаласына келіп кірді. Жетпіс үш жастағы жиһанкезді қаланың кіреберісінен Қазақстан елшілігінің қызметкерлері күтіп алды.
Анкарадағы кездесу барысында Сəрсенбай ақсақал Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сəпиевтің қабылдауында болды. Сол жерде бұрынғы Мəдениет жəне спорт министрі, қазіргі «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова бастаған қазақстандық делегациямен жүздесті.
Сəрсенбай Оспанұлы келесі күні Анкарада ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф мырзамен кездесті. Ақсақалдың осы саяхатының ең басты мақсаты – Ұлытаудан бастау алған «Қымыз мерекесін» ТҮРКСОЙ шеңберінде өткізу үшін осы ұйым басшысына ұсыныс хат тапсыру еді. Жиhанкез атамыз сол хатын жолдап, негізгі міндетін ойдағыдай орындады.
Бұдан соң жиһанкез ақсақал елшілікте Қазақстан делегацияларымен жəне түркиялық зиялы қауым өкілдерімен өткен іс-шараға қатысты. Сол шарада Қазақстаннан келген «Тұран» этнофольклорлық ансамблі қонақтарға кереметтей өнер көрсетіпті.
Қазір атамыз Түркияның мəдени һəм рухани астанасы саналатын Стамбұлды бетке алып жүріп келеді. Ауа райының қолайсыздығы жолды өндіруге мұрша бермеуде. Алайда табиғаттың тосын мінездері жетпістен асқан жиһанкезге тосқауыл бола алмауда. Бізге жеткен хабарға қарағанда Сəрсенбай атаның Стамбұлға жетуіне санаулы шақырымдар ғана қалыпты. Жаратқан жолын оңғарсын дейміз.

Ізбасар ОЙБАС.