Ауыл ахуалы – басты назарда
Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ өңірлерге сапары жалғасын тауып жатыр. Аптаның ортасында өңір басшысы ауданымыздың Мибұлақ ауылында болды. Аймақ басшысы ауылдағы бірқатар нысандарды аралап, жұмыстың барысымен танысты. Əрине, тұрғындарды қабылдап, өтініш-тілектерін де тыңдады.
Өңір басшысы алдымен кестеден кешігіп жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстарын бақылады. Нысанның құрылысы биыл маусым айында басталған болатын. Алайда, əкелінген құрылыс материалдарының ақауы болғандықтан кері қайтарылған. Салдарынан, ғимараттың құрылысы тоқтап қалды. Қазір жұмыс жүйеге түсіп келеді. Əйтсе де, оны пайдалануға беру мерзімін бірер айға кейін шегіндіруге мəжбүр болды. Жалпы ауданы 201 шаршы метр болатын фельдшерлік-акушерлік пункт қараша айының басында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы өзінің жұмыс сапары барысында Мибұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл халқы өңір басшысына жер мəселесі, мал басын көбейтуге арналған 2.5 пайыздық несие, жол мəселесі, мектептегі бала санының аздығы, жас мамандарды баспанамен қамтуға қатысты сауалдарын жолдады.
Қазіргі уақытта ауыл мектебінде 22 мұғалім, 48 оқушы ғана бар. Бұл ретте облыс басшысы оңтүстіктен көшіру бағдарламасы аясында жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Берік Əбдіғалиұлы өз сөзінде оңтүстік өңірлерден қоныстануға ниетті азаматтарды қолдау жүзеге асырылатынын жеткізді.
Кездесу соңында, облыс əкімі ауыл азаматтарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.