Аудан әкімі ауылдарды аралап жүр

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Естуші мемлекет» – бұл тұжырымдаманы 2019 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз Жолдауында айтқан болатын. «Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде əрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымызға ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның əлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», делінген Жолдауда.

Міне, осы тұжырымдаманың арқасында билік пен қоғамның арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің əрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді деп айтуға болады. Оған барлық деңгейдегі əкімдердің халықпен жиі жүздесіп, қордаланған мəселелерді бірлесе шешуге деген ынта-ықыласы айқын дəлел. Осындай үрдіс Ұлытау ауданында да қалыптасқан. Міне, бірер аптаның жүзі болды, аудан əкімі Аманжол Мырзабеков ауылдарды аралап, жұртшылықпен жүздесіп, атқарылған жұмыстар жайлы есеп беруде. Əрине, алда тұрған жоспарлар да ел назарында.

Аудан əкімі өзінің жұмыс сапарын Қоскөл жəне Байқоңыр ауылдарынан бастады. Жергілікті тұрғындармен кездесуге аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов жəне тиісті мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Алдымен аудан басшысы бастаған топ екі ауылда да жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттердің жұмыс барысын бағамдады. Аталған нысандарды биылғы жылдың қараша айында пайдалануға берілу жоспарлануда.

Бұдан кейін Қоскөл ауылдық округінің əкімі Қалдыбек Кəкімжанов атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.

Жасалған есептен кейін ауыл тұрғындары Ардақ Көбеген, Құлжанбай Қожахметов, Қалдыбай Рахметов сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Аудан басшысы көтерілген мəселелерге жауап беріп, Қоскөл ауылындағы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Аудан əкімі ауылда бұқаралық спортты дамытуға байланысты жаңадан футбол алаңы (ангар) салынатынын, ауызсу мəселесін шешу мақсатында жұмыстар жасайтындығын жеткізді.

Байқоңыр ауылының əкімі Шəріп Бекетов те жергілікті тұрғындар алдында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есебін берді.

Ауыл əкімінің есебінен соң жергілікті тұрғындар Серік Əбжанов, Сəлімжан Оразбаев көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті.

Кездесу барысында аудан басшысы айтылған мəселелер рет-ретімен шешімін табатындығын жеткізді. 2024 жылы жергілікті клуб үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Ауызсу мұнарасы, су тұщыту қондырғысы орнатылатындығын да айтты аудан басшысы.

Аудан əкімі Аманжол Мырзабеков келесі кезекте Сарысу ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Есептік кездесуде əдеттегідей ауыл əкімі Сəтжан Құрманбаев есеп берді. Ауыл əкімінің айтуынша, ауылдағы Сүйінбай жəне Уəлиханов көше жолдары асфальтталған. Мектеп ішіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауызсу мəселесіне қатысты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні ауызсуды тұщытатын арнайы қондырғы орнатылған. Абаттандыру, көгалдандыру, көше жарығы бойынша жұмыстар жоспарға сəйкес жасалуда. «Қатысу бюджеті» бағдарламасы арқылы балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілген. Ауылшаруашылығы саласы бойынша Сарысу ауылында мал басы өсімі байқалады. Əсіресе, «Сыбаға» бағдарламасы аясында жаңа техника алу бойынша жұмыстар жүргізіліп отыр. Сондай-ақ, ауыл «Аманаты» бағдарламасы шеңберінде де жұмыстар жасалған екен. Бұл бағдарлама арқылы ауылдың 10 азаматы құжаттарын дайындап өткізген.

Баяндамадан соң ауыл тұрғындары Сламбек Далханов, Мейірбек Бұзауов, Тоты Саржанова, Əбдіжəнен Жағыпаров өздерін толғандырған мəселелерін ортаға салды. Ал, Сарысу ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамсап Əшенов өз ұсыныс-пікірін білдірді.

Аманжол Батырбекұлы көтерілген мəселелер өз шешімін табатындығын жеткізді. Сарысудан Түйемойнаққа дейінгі жолдың сметалық құжаттары қайта жасалып, аталған жұмысты екі жылға аяқтау жоспарлануда. Ауыл ішінде 25 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Жұмыстар аяқталып, биылғы жылы пайдалануға берілмек. 2024 жылы ауыл орталығында футбол алаңы (ангар) салу жоспарда бар.

Есептік кездесуден кейін аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке мəселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.