Қыс маусымы: дайындық қандай деңгейде?
Міне, күздің соңғы айы да аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде қысы ерте түсіп, кеш кететін Ұлытау өңірінде «кəрі құданың» ызғары сезіле бастады. Ал осы қатал сынға аудан қапысыз қамдана алды ма? Бүгінгі əңгімеміз осы төңіректе өрбімек…
Бораны апталап соғатын Ұлытаудың қысы қазірдің өзінде-ақ өзінің қаталдығын аңғартып үлгерді. Қатты жел мен қарлы жаңбырда өңірдегі ток желілері тартылған біршама баған құлап немесе қисайып қалды. Соның салдарынан Қорғасын, Терісаққан ауылдары жарықсыз қала жаздады. Аудан орталығының тұрғындары да жайсыздықты сезінді.
Шүкір, аудан əкімдігі мен тиісті салалық құрылымдардың жедел əрекет етуі нəтижесінде қазір жағдай жолға қойылып, тіршілік қалыпты арнаға түсті.
Қыс маусымын талапқа сай өткеру мəселесін облыс басшысы Берік Əбдіғалиұлы да жиі пысықтап, қадау-қадау тапсырмалар беріп отыр. Жуырда аймақ басшысының төрағалығымен өткен кеңесте облыстағы жылу беру маусымына дайындық сапасы мен оның өтуі жайлы мəселелер кеңінен талқыланды. Жиында облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков жылу беру маусымына дайындық пен оның өту барысы туралы баяндады. Басқарма басшысының мəліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта облыс бойынша 124 қазандық пен 169 қосалқы станция, сондай-ақ, 1 023 шақырым электр желілері, 41 шақырым – жылу, 71 шақырым су құбырлары жөнделген. Облыс аумағындағы барлық көпқабатты үйлерде жəне 244 əлеуметтік-мəдени нысандарында жылу толығымен бар. Отын қоры жеткілікті.
Бұл мəселе біздің Ұлытау ауданында қандай деңгейде? Сала мамандарының айтуынша, ауданда жылу беру маусымына əзірлік ойдағыдай өткеріліп, қазір белгіленген кестеге сай жүргізілуде. «Аудан бойынша 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымында 37 автономдық жылу жүйесі жұмыс істейді. Оларда 79 жылу қазандығы бар. Əлеуметтік-мəдени нысандар мен бюджеттік мекемелерге қажетті көмір 8 165 тоннаны құрайды. Оны тасымалдау жұмысы толығымен тиянақталған. Денсаулық сақтау, білім беру, мəдениет, спорт нысандары сапалы жылумен қамтылған. Аудан орталығындағы Жамбыл жəне Тайжан көшелерінде орналасқан көпқабатты үйлерге де жылу уақытылы берілуде» делінген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар автокөлігі, автокөлік жолдары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі ұсынған ақпаратта.
Аймақ басшысы жоғарыда аталған кеңесте жылумен жəне көмірмен үздіксіз қамтамасыз етілу жайын қадап айтып, жылыту маусымының өту барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, дайындығы кемшін түскен жекелеген мекеме басшыларын тəртіптік жауапкершілікке тарту туралы пəрмен берді.
«Қыс шанаңды жаз сайла» дейді шаруа баққан халық. Бұл – жылу беру маусымына жауапты сала мамандарына тікелей қатысы бар сөз. Өйткені, ерте қамданбасаң, қыстың көзі қырауда қисайғанды қалпына келтіру қиынға түседі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ