Жетекші салада жетістіктер бар
Қараша айының үшінші жексенбісі – қазақстандық ауыл шаруашылық кəсіпкерлері мерекесі. Бұл күні ауданы мен ауылының экономикасы мен өркендеуіне өзіндік үлесін қосып отырған шаруашылық иелері əкімшілік тарапынан қошеметке ие болып, еңбектері ерекше аталып өтіледі. Əрине, дала батырлары да бұл мерекеге өздерінің толымды тарту-таралғыларын əзірлері анық…
Осы тұрғыдан келгенде Ұлытау ауданында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Ол жайлы бізге аудан əкімінің осы салаға жауапты орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ əңгімелеп берген еді.
– Ауданымыздың негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Ата кəсіппен ежелден айналысқан аға ұрпақ өкілдері Ұлытау өңірінің əлеуметтік-экономикалық дамуына өшпес қолтаңбаларын қалдырып, ұлағатты істерімен елінің құрметіне бөленуде. Бүгінде өрісті төрт түлікке толтырып, жер қойнауын жайқалтып, дархан дала төскейін еңбек əуеніне бөлеген еңбек адамдарының табандылығы мен іскерлігі, еңбекқорлығының нəтижесі осы саланың өркендеуіне жол ашты, – дейді Мақсұт Сəрсенбайұлы.
Жалпы, Ұлытау ауданының аграрлары мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да дамытып отырған бай өлке. Бұл жайлы облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы облыс орталығында өткен салтанатты жиында да ерекше атап өткен еді.
– Ауыл шаруашылығының негізгі салаларының бірі – егін шаруашылығы Ұлытау ауданында ғана жақсы жолға қойылған. Келешекте облыста егін шаруашылығын дамытуды қолға аламыз, – деді өңір басшысы осы жиында.
Шын мəнінде Ұлытау өңірінде егін шаруашылығы сонау кеңес дəуірінен бері қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келеді. Рас, сол жылдардағыдай даңғайыр алқап болмаса да егіні жайқалған шаруашылықтар əлі де бар. Биылдың өзінде 26.0 мың гектар жерге дəнді-дақылдар егіліп, толықтай орылды. Əр гектерден 9 центнерден өнім түсті. Барлығы 23,4 мың тонна дəнді-дақыл бастырылды. Оның 18,4 мың тоннасы бидай, 4,9 мың тоннасы – арпа. Мұның сыртында 12 гектар жерге көкөніс егіліп, 180 тонна өнім алынды. Сондай-ақ, 43 гектар жерге картоп егіліп, 645 тонна өнім жиналды.
– Ауданымыздың аграрлары мал басын асылдандыру ісімен де тұрақты айналысып келеді. Бүгінгі күні өңірімізде 8 асыл тұқымды ірі қара малын, 1 асыл тұқымды қой, 1 асылтұқымды жылқы өсіретін шаруа қожалықтары бар, – дейді аудан əкімінің орынбасары əңгіме барысында.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау ауданы бойынша қазір 1307 шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Жыл өткен сайын мал басы да өсуде. Үстіміздегі жылдың 9 айында ірі қара – 57095 басқа, қой-ешкі – 138841 басқа, жылқы – 47996 басқа жетіп отыр.
Қазір ауданда мал қыстату науқаны басталған. Мал өсіріп отырған шаруа қожалықтары қыстақтарға көшіп, жем-шөптерін қамдап алған. Биыл аудан бойынша 205 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілген екен. Ол толық орындалыпты. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына аудан бойынша 815 дана шөп орағы, 560 дана тырнауыш, 35 дана шөп тайлағыш, 420 дана шөп тиегіш техникалары қатысқан.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ