Шаршы алаңдағы шайқас жерлесімізді еске алуға арналды
Аудандық кешенінде бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері, бірнеше дүркін бүкілодақтық, республикалық турнирлердің жеңімпазы, спорт шеберлігіне үміткер Нұрлан Əлмұқанұлы ТАНАБАЕВТЫ еске алуға арналған турнир өтті.
Нұрлан Танабаев 1973 жылы Ұлытау ауданы, Ұлытау селосында дүниеге келген. Ол 5 сыныптан бастап ауданда бокс үйірмесін ашқан бапкер Жомарт Бекетаевтың қарамағында жаттыға бастады. Өзінің алғыр да батылдығының арқасында екі жыл ішінде бүкілодақтық, республикалық турнирлерінің жеңімпазы болып үлгерді. 1987 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігінің күміс медаль жүлдегері, боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Станислав Болдыраевтың көзіне түсіп, Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт мектебінің түлегі атанады. Кейін өзі де бапкерлікпен айналысып, бірнеше республикалық, облыстық турнирлердің жеңімпаздарын жаттықтырды. Иə, шынында да Нұрлан Əлмұқанұлы шын мықты еді. Егер көзі тірі болғанда қазақ боксына талай жеңіс сыйлайтын шəкірттерді тəрбиелер еді.
Даңқты жерлесімізді еске алуға арналған додаға Жезқазған, Сəтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының былғары қолғап шеберлері қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері Бейбіт Есжанов, бокс спортының дамуына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан, бірнеше республикалық, облыстық жарыстарының жеңімпаздарын дайындап шыққан Нұрланның алғашқы бапкері Жомарт Бекетаев лебіздерін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі.
Бокс турнирі екі күнге созылды. Шаршы алаңда боксшылар 8 салмақ бойынша жұдырықтасты. Алғашқы күні боксшылар арасында іріктеу кезең өткізілді. Екінші күні ақтық кездесулері болды.
Жарыс нəтижесінде 54 келі салмақта ІІІ орынды Тимур Петров (Жезқазған) пен Дəурен Жүрсін (Қарсақбай) өзара бөліссе, ІІ орынды Бақытжан Ертай (Қарсақбай), І орынды Денис Мишеряков (Жезқазған) жеңіп алды. 60 келі салмақта ІІІ орынды Ерболат Шайхин (Жезқазған) мен Нұрлан Мұқтар (Ұлытау) бөлісті. Ал ІІ орынды Досым Қордан (Қарсақбай), І орынды Бауыржан Түсіп (Жезқазған) иеленді. 63,5 келі салмақта ІІІ орынды Əділ Əлім (Жезқазған) мен Ерболат Қалмурзаев (Жезқазған), ІІ орынды Оразхан Ерегеш (Жезқазған), І орынды Қаныш Қанат (Жезқазған) иемденсе, 67 келі салмақта ІІІ орынды Ерасыл Нарымбетов (Жезқазған), ІІ орынды Азат Жақсылық (Жезқазған), І орынды Алихан Бақыт (Жезқазған) жеңіп алды. 71 келі салмақта ІІІ орынды Уəлихан Назарбек (Жезқазған), ІІ орынды Аслан Ахметбеков (Жезқазған), І орынды Нұрдəулет Абдуғұл (Жезқазған) иеленді. 75 келі салмақта ІІІ орынды Данияр Алданазаров (Жезқазған) мен Нұрасыл Дахабай (Жаңаарқа) бөліссе, ІІ орынды Айбек Сейтқазы (Жезқазған), І орынды Сұраған Ержан (Жəйрем) қан жығасына байлады. 80 келі салмақта ІІІ орынды Төлепберген Жетпісбай (Жезқазған), ІІ орынды Бексұлтан Байтайлақ (Жезқазған), І орынды Шыңғыс Смайлов (Жезқазған) иемденді. 92 келі салмақтан жоғары боксшылар арасында ІІІ орынды Харлам Кудайпиди (Жезқазған), ІІ орынды Ғанибет Самихан (Жəйрем), І орынды Əлішер Мұқанов (Жезқазған) жеңіп алды. Сонымен қатар, Ұлытау облыстық бокс федерациясының вице-президенті Нұрлан Мырзабеков «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы марапатын Нұрлан Мұхтарға табыс етті.
Турнир жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Жарысты ұйымдастыруға Ұлытау ауданының əкімдігі, «AMANAT» партиясының Ұлытау аудандық филиалы, Ұлытау облысының бокс федерациясы, Нұрлан Əлмұқанұлының аға-бауырлары, бапкері, достары жəне шəкірттері мұрындық болды.
Жасұлан АЯШЕВ