ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ЖҰМЫЛА КҮРЕСУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ұлытау облысы әкімінің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаев өңірдегі жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы, цифрландыру, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы жемқорлық тәуекелдерін азайту және алдын алу шаралары талқыланды.
Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына – субсидиялаудың ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді, агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалардың сапалы жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар қала және аудан әкімдері мен басқарма басшыларына – бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталған ішкі талдауды уақтылы әрі сапалы жүргізу міндетін қойды.
Цифрлық технологиялар басқармасына – әкімдіктер мен басқармалармен бірлесіп, «1С» және «Клиент Казначейство» жүйелерін біріктірудің тиімділігін түсіндіру мақсатында семинарлар ұйымдастыру, сондай-ақ біріктіру жұмыстарын жеделдету қажеттігін айтты.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде сараптама жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Комиссия жұмысы аясында облыс әкімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту және бұл бағыттағы жұмыстардың ашықтығын арттыру қажеттігін атап өтті.