ӨҢІРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАРАЗЫЛАНДЫ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Өңір басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге көшпес бұрын, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысын таныстырды.

Отырыста жоспарлы иммундау, халықты жұмыспен қамту және жұмыс орындарын құру көрсеткіштерінің орындалуы және бюджет кіріс жоспарының орындалуы туралы сұрақтар қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова баяндама жасады. Облыс әкімі бұл ретте профилактикалық екпе жұмыстарының маңызын атап өтіп, ол үшін халық арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ аппарат жиынында өңір басшысы облыс халқы санының факті бойынша көрсетілуін талап етті. Бұл тұрғыда жаңадан қоныс аударған тұрғындардың Ұлытау облысында тіркелуі міндетті екенін және оны Полиция департаментімен бірлескен түрде қадағалап, әрі қарай бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков салық базасын ұлғайту және қосымша резервті көбейту жұмыстарына қатысты Жол картасының әзірлену қарқынын сынға алды. Өңір басшысының айтуынша аталған жұмыс өте баяу, әрі облысымызда қосымша салық көзін көбейтудің жолы көп. Сондай-ақ өңір басшысы мемлекеттік кірістер департаментіне салық базасын негізсіз төмендететін кәсіпкерлерге қайта есептеу туралы қосымша хабарлама дайындау міндетін жүктеді.

«Облыста бой көтеріп жатқан инвестициялық жобалар, мемлекеттік инвестициялар, «Жезқазған – Қызылорда» тас жолы сияқты жобалардан қосымша салық түсуін тиісті басқармалармен ұйымдастыруды тапсырамын. Оған қоса, ірі жүйе құраушы компаниялар жұмыскерлеріне жалақы деңгейін көтеріп отыр. Яғни, қосымша салық көздері көбеюі керек. «Құмкөл» мұнай-газ кен орны да эмиссия салымдарын біздің облысқа төлеуі жайында айтылған. Қызылорда облысының, Қаржы министрлігінің тарапынан қолдау бар, қарсы емес. Сондықтан, Экология департаменті осы сұрақты тездетіп, қоршаған ортаға эмиссиясын біздің облысқа тіркеу керек»,-деді өңір басшысы өз сөзінде.