Аян ӘБЖАМАЛОВ, аудан әкімінің орынбасары: «Жылу беру маусымы ойдағыдай басталды»
Күздің екінші айын да орталап келеміз. Ауа райы əзірге шаруаға қолайлы. «Бітпеген ісіңді бітіріп ал», деп тұрғандай. Бұл əсіресе коммуналдық шаруашылық саласы үшін тиімді болып тұр. Алдағы қаһарлы қыста тұрғындардың тоңбауы, мекемелер мен тұрғын үйлердің жылы болуы осы мекеменің жұмысына тікелей қатысты ғой. Осы орайда біз аудан əкімінің аталмыш саланы қадағалаушы орынбасары Аян ƏБЖАМАЛОВҚА хабарласып, ауданның жылу беру маусымына қандай əзірлікпен келгендігі жөнінде əңгімелескен едік.
– Аян Есенғалиұлы, ауданда қанша жылу қазандығы бар жəне қанша мекеме мен тұрғын үй осы қазандықтарға қосылған? Əңгімені осы сауалдан бастасақ.
– Ұлытау ауданы бойынша 2024–2025 жылдары қысқы жылу беру маусымында 37 автономдық жылу жүйесі жұмыс атқаратын болады. Осы 37 автономды жылу жүйесінде 76 жылу қазандығы бар, оның 21 резервтік. Оның ішінде мəдениет нысандарында – 7, денсаулық сақтау нысандарында – 4, білім беру нысандарында – 23, спорт нысандарында – 1 жəне өзге де мекемелер – 2 жылу қазандығы жұмыс істейді.
Сондай-ақ, аудан бойынша жылу қазандықтары арқылы жылытылатын көпқабатты үйлер саны бесеу. Оның төртеуі көмірмен, бір үй газбен жылынады.
– Ауданда жылу беру маусымы қашан басталды? Оған қандай əзірлікпен келдіңіздер?
– 2024-2025 жылдардың жылу беру маусымына Ұлытау ауданы бойынша дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Маңызды маусымға əзірлік барысында аудан аумағында орналасқан барлық автономды жылыту жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, дайындалды. Нəтижесінде жылу беру маусымы ойдағыдай басталды. 10 қазаннан бастап əлеуметтік маңызы бар мекемелерде жылу берілді. Өткен аптадан бастап ауданда жылу беру толық іске қосылды.
– Əлеуметтік маңызы бар нысандар жайлы жіктеп айтып өтсеңіз?
– Бұл санаттағы маңызды нысандардың басында білім беру жəне мектепке дейінгі тəрбие беретін мекемелер тұр. Атап айтсам, білім беру бөліміне қарасты 23 нысанның 23-інде дайындық актісін өткізді. Мəдени нысандар бойынша да 16 нысанның дайындық актісі 100 пайыз.
Спорт саласы бойынша негізі бір ғана. Ол – «Ұлытау» спорт орталығы. Аталмыш мекеменің жылу қазандығына биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары атқарылды.
Аудандық денсаулық сақтау саласына қарасты ауруханалардың да қысқа əзірлігі ойдағыдай.
– Ағымдағы жөндеу жұмыстары жайлы айтып қалдыңыз ғой. Жалпы аудан бойынша қандай нысандарға мұндай жөндеу жұмыстары жүргізілді?
– Аудандық мəдениет үйіне қарасты Қаракеңгір ауылдық клуб үйіне жаңадан модульдік қазандығын орнату үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. №8 Егінді жалпы білім беретін мектебінің жылу жүйесі ауыстырылып, ағымдағы жөңдеу жұмыстары аяқталды. Осындай ағымдағы жөндеу жұмыстары №4 Қаракеңгір жалпы білім беретін мектебінің жылу жүйесіне де жүргізілді.
№9 Терісаққан жалпы білім беретін мектебіне модульді қазандық орнатылуда. Жұмыстар жуық арада аяқталады. №6 Жезді жалпы білім беретін мектебіне де модульді қазандық орнатылуда. Аудан орталығындағы Тайжан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді.
– Отын мəселесі қалай шешілуде? Қанша тонна көмір қажет? Тасылуы қалай?
– Аудан бойынша жалпы жылу беру маусымында қажетті көмір мөлшері – 24 580 тоннаны құрайды. Оның ішінде əлеуметтік-мəдени нысандарға жəне бюджеттік мекемелерге қажетті көмір мөлшері – 8 080 тонна, тұрғындарға қажетті көмір мөлшері – 16 500 тонна.
Бюджеттік мекемелерге қажетті көмір тізбесі төмендегідей:
Денешынықтыру жəне спорт нысандарына – 120 тн.
Бюджеттік мекемелерге – 1100 тн.
Төтенше жағдайлар бөліміне – 60 тонна.
Бұлардың барлығы 100 пайыз тасылды. Қазір білім беру нысандарына қажетті – 4895 тонна мен мəдениет нысандарына қажетті – 1355 тонна жəне денсаулық сақтау нысандарына қажетті 550 тонна көмір тасылу үстінде.
– Аян Есенғалиұлы, орайы келгенде су, жарық жəне кəріз желілері жайлы да айта кетсеңіз?
– Бұл бағыттарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Жезді кентінің электр жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Сол сияқты, Жезді кентінің Иманжанов көшесінің ауыз су жүйесінің 600 метр құбырын жөндеу үшін де қаржы бөлінді. Жұмыстар аяқталды.
Кəріз құбырының Жезді өзені арқылы өтетін бөлігін (дюкер) айырбастау жұмыстарына облыстық резервтен қаржы бөлініп, бүгінгі күнге жұмыстың 80 пайызы орындалды.
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.