Алтын жүлде – Ұлытау ұландарында

Күні кеше Астанада өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Ұлытау облысы атынан қатысқан екі жерлесіміз – Нұрсұлтан Есімбаев пен Асылмұрат Бірімжанов «Таяқ тарту» сайысында алтыннан алқа тақты. Жерлестеріміздің жеңісі – Ұлытау облысының абыройы.

Екі күнге созылған дүбірлі додада сайдың тасындай іріктелген 120 сайыпқыран бақ таластырды. Тартыс барысында жерлестеріміздің айы оңынан туды. Екі жерлесіміз өз салмақ дəрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Екеуі де тау ұлдарына лайықты мықтылық танытты. Айта кетейік, Нұрсұлтан мен Асылмұрат Шеңбер ауылының тумалары. Бала кезінен спортқа бейім өскен жігіттер. Ал, спорттың осы түрімен айналысқандарына небəрі екі ай ғана уақыт болыпты. Сөйте тұра, бірінші орынның биігінен көрінуі үлкен меже. Екі оғланның жеңіс тұғырынан көрінуі – жаратылысынан бойына біткен қара күштің қасиеті.
Аталмыш сында 70 келі салмақта Асылмұрат Бірімжан, 80 келі салмақта Нұрсұлтан Есімбаев алтын медальді еншілеп, ел қоржынын еселеді. Енді қос сайыпқыран V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында Өзбекстан Республикасының Ташкент шаһарында өтетін Азия чемпионатына қатыспақшы. Ол жерде де аталған спорт түрінен сынға түскелі отыр. Ендеше, Ұлытаудың ұландарына тұғырлы жеңіс тілейміз!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.