Жезқазғандағы судың қысымы: арнайы штаб жұмыс істеуде
Жезқазғандағы шаруашылық ауыз судың қысымы күрт төмендегені белгілі. Осыған орай Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы сағат 23:30 шамасында «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-ның халықты сумен қамтамасыз ететін гидротехникалық цехында арнайы болып, жағдайды бақылады.
Гидроцехте облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсеновтің жетекшілігімен штаб жұмыс істеуде. Қазір су қысымын көтеру бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорыны мамандары қаланың жылу желілерінде тексеру жұмыстарын жүргізді. Желілерде ақаулар анықталған жоқ.
Қолға алынған шаралардың нәтижесінде су қысымы біртіндеп көтеріліп келеді. Жағдай күндіз-түні бақылауда. Алайда, су құбырларындағы қысымды қалпына келтіру үшін қосымша уақыт қажет етіледі.
Жақын уақытта қаладағы барлық нысан ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі. Қала тұрғындарынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және үрейге бой алдырмауға шақырамыз.