Жезқазғанда құрылыс – қарқынды

Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты жатақханасының құрылысы қарқынды. Қазіргі таңда 200 орындық нысанның іргетасы қаланып болды, жыл соңына дейін үш қабаты толық көтеріліп, шатыры жабылады.

Берік Әбдіғалиұлы аралау барысында Жезқазғанның батыс ауданындағы жылу жеткіліксіздігін ескеруді тапсырды. Өңір басшысы өз сөзінде ғимаратты салып болған соң, жаңа қазандық орнату жұмыстары қарқын алғанша уақытша калорифер қоюды жоспарлау қажеттігін ескертті.

«Бұл шағынаудандағы үйлер, аурухана мен мектеп-интернаттың өзінде жылу мәселесі өзекті. Сол себепті де жаңа қазандық қою жұмысы жүзеге асырылғанша нысанның қасбетін жөндеу, абаттандыру секілді маңызды жұмыстарды атқара беріңіздер» – деді Ұлытау облысының әкімі.

Өңір басшысы келесі кезекте Жезқазған қаласында салынып жатқан өрт сөндіру депосы мен әкімшілік ғимараттың құрылысын бақылады. Аталған орында жүгіруге, жаттығу жасауға арналған алаң да қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл жерде кәріз, электр желілері мен су құбырлары тартылған.

Нысан келесі жылы жаз мезгілінде қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Өрт сөндіру депосының қасында көлемі 50 куб болатын су резервуарына да орын қарастырылған.