Жасөспірімдер жетістігі

Жақында Сəтбаев қаласының «Жастар» спорт сарайында өткен аймақтық турнирде дзюдодан ұлытаулық жасөспірімдер бір алтын, екі қола медальды еншілеп, аудан қоржынын еселеді.

Турнир заңғар ғалым Қаныш Сəтбаевтың 125 жылдығына арналды. Дүбірлі додаға 2010–2011 жылдары туған кіші жасөспірімдер қатысып, тоғыз түрлі салмақ дəрежесінде бақ таластырды. Боз кілемдегі балуандарға Сəтбаев қаласынынң дене шынықтыру жəне спорт бөлімі тарапынан тағайындалған төрешілер төрелік етті. Бəсекелі сында 150-ге жуық жас спортшы күш сынасты. Соның ішінде Ұлытау ауданының спорт мектебінен үш спортшы болды.
Жарыс қорытындысында жасөспірімнің үшеуі де жеңіс тұғырынан көрінді. 38 келі салмақта Бауыржан Оразалы, 50 келі салмақта Нұрсұлтан Ертай үшінші орыннан көрініп, спортсүйер қауымның көңіліне қуаныш ұялатты. Ал 50 келі салмақта бақ сынасқан Темірлан Айдосұлы ешкімге есе жібермей, қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, бірінші орынның биігінен көрінді. Осылайша, аудан намысын қорғаған жасөспірімдердің жарқын жеңісі Ұлытау абыройын асқақтатты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.