Жұмыстар сараланып, мәселелер тыңдалды

Аптаның басында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Аманкелді, Қаракеңгір және Байқоңыр ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында ауыл әкімдері тұрғындарға атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, алдағы жоспарларын саралады. Сонымен қатар, аудан әкіміне алдын ала жазылған тұрғындар жеке қабылдауында болды.

Шара соңында аудан әкімі Аманжол Батырбекұлы ауылдың қоғамдық өміріне айрықша еңбегі сіңген тұрғындарды «Ұлытау аудана 85 жыл» мерейтойлық төсбелгімен марапаттады. Енді осы жайлы мүмкіндігінше тарқата айтып берейік.

Мәселелер оң шешімін табады

Аудан басшысының алғашқы кездесуі Аманкелді ауылынан басталды. Ауыл әкімі Бұхар Байжантаев өзінің бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстары жайлы есеп бергеннен кейін жұртшылық өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Мәселен, жергілікті қоғамдастық мүшесі Қанат Байсалбеков мал өлекселерін тастайтын арнайы орынның (скотомогилник) жоқтығын алға тартты. Бұл ауылдың экологиялық жағдайына ғана емес, адам дженсаулығына да кері әсерін тигізетінін айтты.
Жалпы, мұндай кездесулерге келетін тұрғындар өздерінің жеке бастарына қатысты мәселелерден гөлі тұтас аймаққа, ауылға қатысты өзекті жайттарды әңгіме өзегіне айналдыруға қалыптасқан. Бұл кездесуде де ауылдың әлеуметтік әлеуеті мен архитектуралық кесініне көлеңкесін түсіретін, тұрғындар өміріне қауіп төндіретін жайттарды тілге тек етті. Айталық, ауыл тұрғыны Мұрат Смағұл М.Қаратаев көшесіндегі электр бағанының қисайып, құлағалы тұрғынын айтып дабыл қақты.
Ауыл әкімі Бұқар Байжантайев көтерілген мәселелерге орай тиісті шаралардың қолданылатыны, мәселелер оң шешімін табатынын жеткізді.

Қаракеңгірде жұмыс қарқынды

Келесі келелі кездесу Қаракеңгір ауылында өтті. Жиында ауыл әкімі Жалғас төре өзінің жыл басында атқарған жұмыстары мен алда тұрған жоспарларын баяндаумен ашты.
Ауыл әкімі өз баяндамасында ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, ауыл шаруашылығының жай жапсары, жер ресурстары мен су мәселесі, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстар, елді толғандырған электр желісі, газбен қамту жай туралы егжей-тегжейлі баяндады. Ауылды абаттандыру, демография, Ұлттық халық санағы мен вакцина мәселесі де әңгімеден тыс қалған жоқ. Баяндама соңында ауыл әкімі алда атқаратын жұмыстары жайлы да айтып өтті.
Баяндамадан соң кезек тұрғындарға берілді. Өз кезегімен сөз алған ауыл тұрғыны, зейнеткен Ж.Мұсабеков көктемгі, күзгі су тасқыны кезінде қыстақтарға қатынауда қиындықтар туатынын, осы орайда сайларға өткелдер салынса деген мәселені көтерді.
Бұған аудан әкімі Аманжол Мырзабеков жауап берді. Аудан басшысы мұндай мәселелер үшін аудандық бюджетте қаржы қаралмағанын, бірақ, айтылған мәселенің өзекті екеніне тоқталып, оны тек демеушілердің қаржысы арқылы жолға қоюға болатынын айтты. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасайтынын да жеткізді.

Байқоңырлықтар базынасын айтты

Аудан әкімінің бұл аптадағы кездесуі Байқоңыр ауылында түйінделді. Әдеттегідей, ауыл әкімінің есебінен кейін сөз тізгінен ауыл тұрғындары алып, өздерін толғандырған мәселелердің бірқатарын ортаға салды. Мәселен, қоғамдық кеңес мүшесі Марат Бихан ауылда жедел жәрдем көлігінің жоқтығын алға тартты. Жалпы, бұл мәселе көп жылдардын бері шешімін таппай келе жатыр. Бұған дейін ауыл тұрғындарына Қарсақбай кентіндегі жедел жәрдем медициналық қызмет көрсетіп келеді.
Көтерілген мәселеге орай аудан әкімі был облыстық бюджеттен бөлінген қаржығы алынған жедел жәрдем көліктері Шеңбер мен Қоскөл ауылына берілетінін, келер жылы облыстық қазынадан қаржы қаралып жатса Байқоңыр ауылына да мұндай медициналық көлік берілетінін айтты.
Марат Бихан көтерген тағы бір мәселе Қызылсай бөгетіне жол салу болды. Көпірдің жоқтығынан шаруа қожалықтарына қатынау қиындық тудыруда. Аудан әкімі бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттары дайын болса, қаржы қарастыратынын жеткізді.
Ауыл тұрғындары көтерген тағы бір өзекті мәселе Байқоңыр стансасына перон салу болды. Жолаушылар, әсіресе үлкен кісілер перонның жоқтығынан поезға мініп түсе алмай, әлек болады. Осы мәселе оң шешімін тапса деді ауыл тұрғыны Ерболат Рахимберлин.
Жиында сондай-ақ ауылдағы электр жарығы мен подстанциялардың жайы да айтылды.
Кездесуде аудандық мекемелердің басшылары да тұрғындарға маңызды мәселелерді жеткізді. Мысалы, аудандық ветеринариялық стснсаның басшысы Бекзат Жангелдіұлы мал ауруларына қарсы атқарылатын, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мал басын бірдейлендірудің маңыздылығын елдің есіне салды. Ал, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мал сатып алуға қаражат берілмейтінін, қаржы тек сүт, ет өнімдерін өндіру мен өңдеу саласы үшін ғана берілетінін айтты.
Кездесуде аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ауылда осы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысып,ауыл әкіміні бұл бағыттағы жұмысты ширатып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.