ҚҰТҚАРУШЫЛАР ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛДЫРМАЙДЫ
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі мамандандырылған арнайы техникалардың қыс мезгіліне дайындығын, жабдықталу сапасын бақылады. Тексеру жұмысы облыста аяқ асты орын алатын төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында облыс әкімі бейне байланыс арқылы қала-аудандардың да дайындығын қадағалап, сақтық шараларына қатысты бірқатар нұсқау берді.
Қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайларға көмекке келу мақсатында Ұлытау облысында 215 арнайы техника дайындалған. Оның ішінде қоғамдық тәртіпті қорғау, медициналық, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, жолдар мен көпірлерге қызмет көрсететін қар тазалау, эвакуация жасау, алғашқы көмекке арналған арнайы көліктер бар.
Ұлытау облысының әкімі қыс мезгілінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қызметті уақытылы дайындау мен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Тексеру қорытындысы бойынша маршруттарды қосымша оңтайландыру және жедел әрекет ету үшін бөлімшелерді даярлауды күшейту туралы шешім қабылданды.