Ұстаз құрметіне кабинет ашылды

Ұлытау ауданының №3 Аманкелді орта мектебінде ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы үшін еселі еңбек еткен ұлағатты ұстаз Қуан Нұрғалықызына арналған кабинет ашылды. Іс-шараға қатысушылар ұстаз рухына бір минут үнсіздік жариялап, құрмет көрсетті. Ашылу салтанатына Ұлытау аудандық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Молдыбаев қатысып, бұл бастаманың жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Шара барысында мектеп директоры Шортан Қабиев өрелі сөздің өрісін кеңейтіп, Қуан мұғалімнің кісілік болмысын, адами қасиетін, білім саласына сіңірген еңбегін әр қырынан бағалап, жан-жақты әңгімелеп берді. Бұдан кейін ұстаздың шәкірттері Мұса Шыманов, Хорен Жақанов, Батырлан Ерғалиев Қуан Нұрғалықызының ұстаздық жолындағы өнегелі істерін тілге тиек етіп, есті естеліктерімен бөлісті. Лента қию рәсімін Аманкелді ауылдық округінің әкімі Бұқар Байжантаев пен білім бөлімінің әдіскері Ерлан Әбуұлы жүзеге асырды. Ал, кабинеттің ашылуына қолдау көрсеткен Қуан мұғалімнің ұлы Қанат Байсалбеков екенін айта кеткен де жөн.
Мақалаға арқау болған кейіпкер Қуан Нұрғалықызы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған ұлағатты ұстаз. Еңбек жолының өзі бір үлкен әңгіме. Әріден айтсақ, өткен ғасырдың елуінші жылдарында Ұлытау өңірінің ауылдарында мұғалім жетіспеді. Осындай жағдай Терісаққан өңіріндегі Қоскөл бөлімшесінде болды. Сол кездегі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Барақбай Ерғалиев 1958 жылы Қуан Нұрғалықызын шалғайдағы Қоскөл мектебіне бастауыш сыныпқа мұғалім етіп жіберді. Мектепті үздік бітірген оқушыдан білім бөлімінің басшысы үлкен үміт күтіп, сенім артса керек. Сол сенім мен үмітті Қуан Нұрғалықызы ақтады. Кейіннен Қарағанды қаласындағы педагогикалық институтта сырттай оқып, диплом алады. Сөйтіп, жарты ғасыр бойы ғұмырын білім беру саласына арнап, жемісті еңбек етті. Абыройлы еңбектен – құрметті зейнетке шықты.
Қашаннан қазақ «Сүйген істің – сүйініші көп» деп бекер айтпаған. Бүгінгі күні Қуан Нұрғалықызының білім саласына сіңірген еңбегі ел алдында бағалануда. Бұл да болса, ұстаз еңбегінің еленгені. Жаңадан ашылған кабинетте ұстаздың өмір жолы, шығармашылық жетістіктері толықтай қамтылған. Мұны аға буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты, тәлім мен тағылымның өнегесі деуге болады. Ұстаздың еңбегі ел игілігіне айналар мұра деген осы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.