Айнаш ЖАНАЛИНОВА, Ұлытау облысы нотариалдық палатасының нотариусы: «Сенімхаттарды да онлайн куәландыруға болады»

Қазақстан Республикасының Əділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Онлайн нотариаттық кеңес беру» қызметін енгізді. Енді нотариаттық кеңес алу үшін қазақстандықтарға тек смартфон жəне интернетке қолжетімділіктің болуы жеткілікті. Осылар болса болды, азаматтар табан тоздырып нотариустың кеңсесіне бармай-ақ, онлайн-кеңес, нотариаттық іс-əрекетке қатысты құқықтық сұрақтарына жауап ала алады. Бүгін, біз онлайн нотариалдық қызметтерді қалай алуға болатыны жөнінде Ұлытау облысы нотариалдық палатасының нотариусы Айнаш ЖАНАЛИНОВАҒА хабарласып, əңгіме өрбіткен едік.

– Айнаш Шайхсламқызы, нотариустың кеңесін онлайн қалай алуға болады? Əңгімемізді осыдан бастайықшы.
– Цифрландыру дəуірі белең алған қазіргі уақытта кез келген қызмет түрін қашықтықтан (онлайн) алу мүмкіндігі туып отыр. Бұл үрдістен нотариаттық қызмет те қалыс қалып отырған жоқ. Қазақстан Республикасының Əділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Онлайн нотариаттық кеңес беру» қызметін енгізді. Бұл қызметті алу үшін сізге eGovMobile қолданбасында авторизация жасауыңыз керек. Одан кейін «Е-нотариат» бөлімінде «Онлайн кеңес беру» қызмет типін таңдап, өтінімді толтырасыз. Əрі қарай, бейнеқоңырау арқылы кеңес алу үшін өзіңізді толғандырған сұрақтарыңызды қоя беріңіз.
Əрине, қызмет ақылы нотариаттық қызметке танымал мобильді банкинг қосымшалары арқылы (нотариус ресімдеу үшін екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасында шот шығарады, клиент хабарлама алады жəне төлейді) 1 айлық есептік көрсеткіш АЕК көлемінде ақша төлейсіз.
Бұл қызметті өтініш берген кезде қолжетімді кез келген нотариус ұсына алады. Сондай-ақ, цифрлық сенімхатты да қағаз түріндегі аналогымен бірге барлық мемлекеттік органдарда немесе сұратқан орындарда ұсынуға болады.
– Осы сенімхат жайында тарқата айтып берсеңіз. Онлайн сенімхатты қалай ресімдеуге болады?
– Нотариалды куəландырылған сенімхат азаматтарға eGov арқылы қолжетімді. Цифрлық деп аталатын сенімхат клиент пен нотариус арасындағы бейнебайланыс арқылы онлайн режимде ресімделеді. Цифрлық сенімхат ресімдеу үшін де сізге eGov Mobile қолданбасында авторизация жасауыңыз қажет. Одан кейін өтінімді толтырып, жəне оған электрондық цифрлық қол (ЭЦҚ) арқылы қол қоясыз. Жеке басын растау үшін қолданбадан нотариусқа бейнеқоңырау шаласыз. Нотариаттық қызметке белгіленген тариф бойынша ақы төлейсіз. Осылардың бəрін рəсімдеген соң «Цифрлық құжаттар» бөлімінде цифрлық сенімхат аласыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, цифрлық сенімхатты қағаз түріндегі аналогымен бірге барлық мемлекеттік органдарда немесе сұратқан орындарда ұсынуға болады.
– Сенімхаттардың барлық түрін онлайн-куəландыруға бола ма, əлде?..
– Қазіргі уақытта онлайн режимінде көрсетілетін нотариаттық қызметтердің тізімі кеңейтілді, егер бұрын жобаның бірінші кезеңінде сенімхаттардың тек үш түрі онлайн түрде ресімделсе, қазір мүлікті басқарумен байланысты сенімхаттардан басқа барлық түрлері eGov арқылы электронды түрде қолжетімді.
– Жақсы екен. Енді осы сенім хат деген не екенін ашып айтып берсеңіз. Ол кімге жəне не үшін беріледі?
– ҚР Азаматтық кодексінің 167-бабына сəкес, бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші адамға (сенім білдірген) берген жазбаша уəкілдігі сенімхат деп танылады. Сенімхат мəмілелерін жасауға, сондай-ақ заңды маңызға ие басқа да іс-əрекеттерді жасауға қатысты беріледі. Сенімхат – біржақты мəміле болып табылады, осыған байланысты оны нотариустың куəландыруы мəмілелерді куəландырудың жалпы ережелеріне сəйкес жүргізіледі. Сенімхаттарды куəландыру барысында заң нотариусқа сенім білдірушілерге олардың атынан берілген сенімхаттың құқықтық салдарын түсіндіру міндеттемесін жүктейді, яғни сенім білдірушілер оларға берілген уəкілеттіктердің көлемі мен сипаты туралы білулері қажет.
– Сенімхат берушілердің жас ерекшеліктері жайлы не айтар едіңіз?
– Сенімхат бойынша сенім білдірушілер болып жеке, сондай-ақ заңды тұлғалар танылады. Егер жеке тұлғалар толық əрекет қабілеттілікке ие болса (бұл жерде 18 жасқа толған азаматтар толық əрекет қабілетті деп танылады), сондай-ақ 18 жасқа дейінгі кəмілетке толмағандар ҚР Азаматтық кодексінің бабымен көзделген реттерде (некелесуге рұқсат етілген) деп танылып, сенімхат білдіру құқығына иеленеді. ҚР АК 22-бабы 2 тармағына сəйкес 14 жастан 18 жасқа дейінгі кəмілетке толмағандар сенімхатты куəландыруды тек заңды өкілдердің, ата-аналарының, асыраушыларының немесе қамқоршыларының келісімі негізінде жүзеге асырады.
Əрекет қабілеттіліктері шектелген азаматтар бойынша уəкілеттілікті тек қамқоршылар келісімі негізінде бере алады.
Құрылтай құжаттары негізінде əрекет етуші заңды тұлғалар өздері ондай құқық қабілеттілікке ие болған жағдайда, яғни тиісті тəртіппен тіркелген кезде сенімхат беруге құқылы. Мұндай сенімхат бойынша əрекет ететін заңды тұлға органның немесе оның лауазымды адамының өкілеттіліктері заңды тұлғаның құрылтай құжаттары негізінде анықталады. Сол үшін сенімхатта өкіл тек заңды тұлға ретінде көрсетілуі тиіс.
– Сенімхат берудің тиісті шектеулері бар ма? Кімдер мəміле жасай алмайды?
– ҚР АК 163-бабының 5 тармағына сəйкес сенімхаттарды куəландыру барысында өкілдің тек жеке өзіне қатысты, сонымен бірге өзі өкіл болып табылатын басқа адамға қатысты да өкілдік берушінің атынан мəміле жасай алмайтындығы туралы норманы естен шығармаған жөн. Мысалы ерлі-зайыптылардың біреуі сенімхат бойынша өкіл болып жəне сенім білдіруші атынан өз жұбайының атына мүлік сатып алуы жөніндегі сенімхатты нотариус куəландыра алмайды. Бұл шектеу ерлі-зайыптылардың некелі мерзімдегі алынған мүлік олардың ортақ меншігі болғандықтан белгіленген.
– Сенімхаттар қандай жағдайда міндетті түрде куəландырылуы керек? Жəне оның кесімді мерзімі бар ма?
– Сенімхат жазбаса нысанда жасалуы тиіс. Нотариаттық тəртіппен куəландыруды қажет ететін мəмілелерге қатысты сенімхаттар жəне сенім ауысуы (передоверия) тəртібімен берілетін сенімхаттар міндетті түрде нотариаттық негізде куəландыруды қажет етеді.
Сенімхат үш жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүмкін. Егер сенімхатта неғұрлым ұзақ мерзім көрсетілсе, ол үш жыл бойы, ал егер қолдану мерзімі көрсетілмесе, берілген күннен бастап, бір жыл бойы жарамдылық күшін сақтайды. Берілген күні көрсетілмеген сенімхат жарамсыз болып табылады. Сенім ауысу негізінде берілген сенімхаттың мерзімі алғашқы сенімхат мерзімінен артық бола алмайды.
– Сенімхатты тоқтату мерзімі жайлы айтсаңыз.
– ҚР АК 170-бабында сенімхаттың тоқтатылу негіздері көрсетілген: сенімхат мерзімінің өтуі; сенімхатта көзделген əрекеттің жүзеге асуы; сенімхат беруші адамның оның күшін жоюы; сенімхат берілген адамның одан бас тартуы; өз атынан сенімхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы; сенімхат берген адамның қайтыс болуы; сенімхат берілген адамның қайтыс болуы:
– Сенімхаттарды онлайн куəландыру қай уақыттан бері қолданыста? Əңгімені осымен түйіндесек.
– 2023 жылдың сəуір айынан бастап Қазақстан Республикасының Əділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Қашықтан (онлайн) сенімхат беру» қызметін енгізді, енді сенімхат алу үшін қазақстандықтарға тек смартфон жəне интернетке қолжетімділіктің болуы жеткілікті. Десек те, нотариуспен қашықтан (онлайн) сенiмхат беру əзірше тек жекелеген түрлеріне яғни: мүлiкке билiк етуге байланысты өкiлеттiктердi қоспағанда, барлық құзыреттi органдарда мүдделердi бiлдiруге, мұрагерлік iстердi жүргiзуге, соттарда мүдделердi бiлдiруге ғана жасалынады.
– Əңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.