Саяси реформалар – оң өзгерістердің бастауы

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары – мемлекетіміздің жарқын болашағына бастаушы бағдар. Бүгінгі күні Президент өкілеттіктерінің бірқатары биліктің басқа тармақтарына беріліп, нəтижесінде Үкімет қабылдайтын шешімдері үшін өзінің жауапкершілігін күшейтеді. Парламент өз кезегінде Үкімет пен атқарушы органдардың қызметтерін бақылау үшін жаңа өкілеттіктерге ие болады. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз суперпрезиденттік басқару формасынан біртіндеп парламенттік басқару формасына көшуде. Алайда президенттік басқару формасының да əлсіремегені дұрыс деп есептеймін. Басқарудың екі формасының тепе – теңдікте жұмыс жасауы, қоғам тарапынан қолдауға ие болады деп ойлаймын.

Барша қазақстандықтардың мүддесін жүзеге асыру мақсатында енгізілген конституциялық реформалардың бірі-конституциялық кеңестің орынына əрекет ететін—конституциялық сот құру туралы реформа. Адамзатқа дүниеге келген сəтінен бастап тиесілі құқықтарының мемлекет тарапынан қорғалуына негіз болатын бұл институттың құрылуы елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығына қол сұғуға жол берілмейтіндігін көрсетеді. Президентіміздің бұл реформасы— өміршең реформалардың бірі болады деп есептеймін!
Елімізде Президент Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен орын алған саяси жаңғырулардың бірі- Президенттің – саяси партияға мүше болудан бас тартуы. Бұл туралы мемлекет басшысы 2022 жылдың 16- наурызындағы Қазақстан Республикасының халқына Жолдауында айтқан болатын. Бүгінгі күні ел президенті ешбір саяси партияның мүшесі болып табылмайды. Бұл өтіп кеткен сайлау науқанында қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілмегендігін сонымен қатар барлық партиялар сайлауға бірдей деңгейде қатысқандығын көрсетті. Сонымен қатар елімізде бірнеше жылдар бойы қалыптасқан суперпрезиденттік басқару формасының кейінге ысырылып, қоғамның демократиялануына бастау болады деп есептеймін. Президент өкілеттігі аясының қысқартылуы – Үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады.

Газиз МОЛДАМУХАНОВ,
«Мибұлақ а.о.əкімінің аппараты» ММ бас маманы.