Құрметті Ұлытау ауданының тұрғындары!
Сіздерді елдік пен татулықтың туын көтерген, бүгінде ел мен жер төрі атанған киелі Сарыарқаның сайын даласына керегесін кең жайған елордамыз Астана күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Астана – ең алдымен сәні мен салтанаты жарасқан ғажайып қала ғана емес, қазақ халқының сан ғасырлық армандарының ақиқатқа айналуының дәлелі, бүгіні бекем, келешегі кемел елдігіміздің айғағы.
Бүгінгі Астана – саяси көшбасшылар, іскер серіктестіктер мен зиялы қауым өкілдері кездесіп, кеңес құратын орны, шығармашылық жоспарларды, инновациялық идеялар мен батыл бастамаларды жүзеге асыру алаңы.
Біздің жас та көркем, қадамы нық қаламыздың жыл өткен сайын маңызы артып, мәртебесі өсе түсуде. Қай-қайсымыз Елорданың тарихымен, дәстүрімен, мәдениетімен және қайталанбас қолтаңбасымен мақтанамыз.
Ұланғайыр даламыздың төрт құбыласын түгендейтін тоқсан тарау жолдың түйісер басты нүктесі, серпінді дамудың қуатты қозғалтқыш көзіне айналған Астананың алдағы уақытта да сәулеті артып, мәдени, экономикалық тұрғыдан дами түсуіне
барша ел тұрғындары бірлікпен үлес қосуға атсалысайық!
Баршаңызды осы қуанышты мереке күнімен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, бейбітшілік пен молшылық тілейміз.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.