Премьер-Министр: «Үкіметке қатысты мәселелерді шешеміз»
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ұлытау облысына сапары кезінде әкімдікке өңірдің салық базасын нығайтуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлытау облысы дербес құрылуына байланысты алдарыңызда үлкен міндет тұр. Бұл – өнеркәсіпті, индустрияны және өңірдің меншікті салық базасын дамыту. Өйткені өңірдің әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін сіздерге ақша керек, бюджет керек. Сондықтан инвесторлардың жобаларды іске асыруына қолдау көрсету өте маңызды», — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол өңірді дамыту жолында Үкіметке байланысты мәселелерді шешуге уәде берді.
«Үкіметке байланысты мәселелерді біз шешеміз. Нақты айтсақ, газ керек болса, береміз. Кен барлауға рұқса керек пе, береміз. Инвестициялық жобалардың санын арттыру керек. Кәсіпкерлердің бастамаларын барынша ескеру қажет. Сол арқылы оларды өңір экономикасына ақша салуға ынталандыру маңызды. Өңірдің даму динамикасы осыған байланысты болады», — деді Әлихан Смайылов.