ҚОЯН ЖЫЛЫ: мінездемесі мен сипаттамасы
2023 жыл – қоян жылы. Қоян жылы 12 циклды қытай жұлдызнамасындағы 4-ші орынды алады жəне шығыс күнтізбесіндегі ең бақыттысы саналады. Бұл сүйкімді жануар үшін ең бастысы – отбасы, сондықтан 2023 жылы жеке қатынасқа мəн беріп, туыстарыңызбен жəне жақындарыңызбен көбірек уақыт өткізу керек. Өмірлік серігін іздеп жүргендерге Жаңа жыл жарын кездестіруге мүмкіндік береді, ал қатынастағы жұптар отбасылы болуы мүмкін.
Қоян жылы үй мəселесінде де сәттілік әкеледі. 2023 жылы тиімді ұсыныс түсуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл жыл саяхаттауға қолайлы болмақ. Міндетті түрде басқа қалаларда тұратын туыстарыңызға қонаққа барыңыз. Қоян жылында жақындарыңызға деген ықыласыңыз ескеріліп, табысқа жетуіңізге ықпал етеді.
Сезімтал əрі момын, жанашыр Қоян тік мінезімен жəне білімге құштарлығымен ерекшеленеді. Ол бала күнінен дами түсіп, аса көрнекті тұлғаға айналады.
Жалпы, Қоян жылы дүниеге келген жандар момын мінезімен ерекшеленеді. Оларға оппонентімен қарсыласқаннан гөрі келісе салған ыңғайлырақ.
Ол ымыраға келуді, бейбітшілікті сүйеді, бірақ батырлық жасап, өз құқығын қорғауға да қабілетті. Оның қаншалықты табысты адам болатыны айналасына, отбасына жəне тұратын жеріне байланысты. Қоян сəттілікке сенеді жəне күте алады. Ол нəзік, көбінесе молшылықта өмір сүреді, жан-жағындағылардың еркесі саналады.
Қоян жылы дүниеге келу нені білдіреді? Бұл дегеніміз – əйгілі адам болу деген сөз. Ол – жақын адамдарына адал, талантты жəне атаққұмар адам, тартымды сұхбаттасушы əрі сүйікті серіктес. Ол өте көнбіс жəне кез келген мəселені шешуге қабілетті. Қоян жайсыз жағдайларға сирек тап болады, өйткені өте сақ жəне ақылды. Ол үнемі мəселенің ұсақ-түйегіне дейін мұқият қарайды жəне Қытай жұлдызнамасындағы 12 белгінің ішінде ең бақыттысы болып саналады.
Қоян жылы туғандар – табысты қаржыгерлер жəне жауапкершілігі мол саудагерлер. Талантты дəрігерлер, хирургтар, косметологтар. Сұраныстағы заңгерлер жəне шебер дипломаттар. Мамандықта тұрақтылықты жақсы көреді, жұмыс орнын жиі ауыстырғанды ұнатпайды, сенімді, нақты статусы қалыптасқан ұжымда қызмет еткенді құп көреді. Қояндар жауапкершілікті жоғары қояды, ыждағатты, төзімді, жұмысқа қабілетті жəне аналитикалық тұрғыда ойлай алады.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?
Ал келер жылдан бастап елімізде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар əкімдерінің сайлауы пилоттық режимде өтеді.
Алдағы жылы жастарға 2,5%- дық жеңілдетілген несие беру басталмақ. Жеңілдетілген несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін;
2023 жылы жаңадан келген қатардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын 70%-ға дейін арттыру көзделіп отыр;
Мектептер, колледждер мен балабақша педагогтарының жалақысы 25%-ға өседі; Келесі оқу жылынан бастап 5-8 жəне 10-сынып оқушылары да қазақ тілінен емтихан тапсырады;
Бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан біржарым жылға дейін ұлғайтылады;
2023 жылдан бастап, «Алтын алқамен» марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I жəне II дəрежелі «Ана даңқы» ордені табысталғандарға берілетін жəрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды;
Зейнетақы төлемдерінің көлемі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10,5%-ға өседі. Бұл ретте ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңгені құрайды;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 450 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрамақ.
ҚАРЖЫЛЫҚ ҚИЫНШЫЛЫҚҚА КІМДЕР ТАП БОЛАДЫ?
Астрологтар 2023 жылы кімдер қаржылық қиындыққа тап болатынын болжады, деп хабарлайды BAQ.KZ. Life.ru сайтына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, төрт жұлдызнама белгісін қаржылық қиындықтар күтіп тұр. Олар туралы ақпаратта толық жазылған.
Астрологтар таразыларға 2023 жылы ақшаға мұқият болуды айтады. Ақшаны барынша үнемдеп жұмсауға кеңес те береді. Жаңа жылдың алғашқы айларында тəуекелге барып, ірі көлемде сауда жасаудың қажеті жоқ.
Қоян жылында мергендер ақшаның азаюынан қатты қиналады. Əсіресе, керексіз заттарды сатып алудан аулақ болу қажет. Маңдай термен тапқан ақшаңыз, бір уақытта желге ұшып, дымсыз қалуыңыз мүмкін. Сондықтан нақты өзіңізге не керек екенін анықтап алыңыз дейді астрологтар.
Сондай-ақ, мамандар арыстан белгісіндегі жандарға қызметтік, мансаптық жолды реттеуді ұсынады. Қазіргі жұмыс орнындағы жалақы ештеңеге жетпей, кредит пен ипотека төлеусіз қалуы мүмкін. Жақындарыңыздан қарыз алуға асықпаңыз, дер кезінде қайтара алмауыңыз мүмкін. Астрологтар бұл белгідегі адамдарға қызмет ауыстыруға кеңес береді.
Қоян жылы егіздер үшін де қаржылық қиыншылықтар алып келмек. Əсіресе, жыл басында ірі-ірі шығындар шығарын ескертеді. Бұл белгідегі адамдарға өз күші мен сəттілікке сену керек. Десе де, бұл мəселені толық шешпеуі мүмкін.
«КӨКТЕН ПЕРІШТЕЛЕР КӨП ТҮСЕДІ»
Танымал экстрасенс Қажетта Ахметжанова Қоян жылына болжам жасады. Оның айтуынша, 2023 жылы 100 жылда бір рет қана болатын аспан қақпалары ашылып, періштелер жерге түседі екен, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы көріпкел өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Қажетта Ахметжанова қоян жылы еліміз үшін өнімді болатынын айтады. Сондай-ақ ол сырттан болатын арандатуларға мəн бермеуге шақырды.
«Қоян жылы көптеген есіктер ашылады жəне жаңа мүмкіндіктер беріледі. Өйткені 100 жылда бір рет қана болатын аспан қақпалары ашылып, аспаннан періштелер көп түседі. Қоян жылы өнімді болады. Ең бастысы – сыртқы арандатуларға жауап бермеуге жəне барынша сабырлы болуға тырысу керек. Маңызды шешімдерді тек тыныштықта қабылдаған жөн, əйтпесе оның салдары жағымсыз болады», – деді Қажетта Ахметжанова.
Келер жылға болжам жасаған балгердің жазбасына қатысты желі қолданушылары түрлі пікір жазып жатыр. Бірі оған имандай сенсе, енді бірі «бəрі бір Алланың қолында» деп сенімсіздік танытқан.