Олжас Бектенов ЕҚДБ, ExxonMobil және Marubeni басшылығымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астанаға ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысына қатысу үшін келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, ExxonMobil-дің аға вице-президенті Питер Ларден және Marubeni Corporation-ның басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен бірқатар кездесу өткізді.
Кездесулер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің алдына қойған экономиканы дамыту және жаңа инвестициялық циклды жүзеге асыру жөніндегі міндеттері тұрғысында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.


ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассомен кездесуде құрылыс және әлеуметтік, көліктік, өнеркәсіптік, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ қаржы саласындағы өзара іс-қимылды нығайту және бизнесті қолдау шаралары жөніндегі мәселелер талқыланды.

Премьер-Министр Банктің Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартудағы және ел экономикасының тұрақты дамуындағы маңызды рөлін атап өтті. Бірлесе жұмыс істеген жылдарда ЕҚДБ портфелі шағын және орта бизнес, қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында жалпы сомасы $12,7 млрд болатын 354 жобаға жетті.
Одиль Рено-Бассо биыл ЕҚДБ-ның Қазақстан экономикасына инвестиция көлемі тарихи деңгейге жететінін хабарлады: бүгінгі күні Қазақстанда 800 млн еуродан астам сомаға жобалар қаржыландырылды. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша инвестициялар ағыны 1,3 млрд еуродан асуы мүмкін деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін атап өтті.
ExxonMobil аға вице-президенті Питер Ларденмен келіссөздер барысында ағымдағы өндірістік көрсеткіштер және одан әрі технологиялық даму мәселелері қаралды. ExxonMobil ірі бірлескен жобаларды – Теңіз, Қашаған, Каспий құбыр консорциумын жүзеге асыруға қатысады. Тараптар ынтымақтастықтың жемісті сипатын атап өтіп, өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайындығын растады.
Marubeni Corporation басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен кездесуде қазақ-жапон экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Марубени Қазақстанның энергетика және өнеркәсіптік өндіріс саласындағы ұзақмерзімді және сенімді серіктесі болып саналатыны атап өтілді. Тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтудың және екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын сөз етті.


Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, қолданыстағы жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстан экономикасының басым секторларында жаңа инвестициялық бастамаларды пысықтауға мүдделілігін растады.

