Олжас Бектенов арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді
Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиынға қаржы, өнеркәсіп және құрылыс министрлері, «Бәйтерек» холдингі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының басшылығы қатысты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 17 арнайы экономикалық және 66 индустриялық аймақ жұмыс істейді, онда жеке инвестиция көлемі 5,7 трлн теңгеден асатын және 57,2 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 860 жоба жүзеге асырылды.
Өнеркәсіп алаңдарының инвестициялық тартымдылығын айқындау кезінде инфрақұрылымның дайындығы маңызды мәселе болып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты қосымша инфрақұрылымның, оның ішінде қосалқы стансалар мен көлік желілерінің құрылысы белсенді түрде жүзеге асуда.
Үкімет республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты қоса алғанда, бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша шаралар қабылдауда.
2030 жылға дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы АЭА және ИА аумақтарында шамамен 200-ден астам жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және өңдеу өнеркәсібінің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 2025-2029 жылдар аралығында 140 жоба пайдалануға берілмек.
Тұтастай алғанда, осы жобаларды жүзеге асыру өңдеу саласының жалпы қосылған құнын ұлғайту арқылы Қазақстан экономикасына үлес қоспақ.
Премьер-Министр Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне 2026 жылғы 15 қаңтарға дейін «Бәйтерек» холдингіне қаржыландыру көздері бойынша түпкілікті шешімді беруді және АЭА мен ИА-ға қажетті инфрақұрылымды жүргізу жобаларын жүзеге асыруға дереу кірісуді тапсырды.
