ОБЛЫСТА МҰНАЙ БАЗАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА КАПСУЛА САЛЫНДЫ

Жезқазғандағы Оңтүстік өнеркәсіп аймағында жаңа мұнай базасы пайда болады. Инвестициялық жобаны жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге «PetroRetail PFS» ЖШС жүзеге асырмақ. Мақсат – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов жобаның іске асырылу жолымен танысты. Атап айтқанда, жаңа мұнай базасының жазғы және қысқы дизель отынын, сондай-ақ АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинді қабылдау, сақтау және босату бойынша бірқатар объектіні қамтитыны хабарланды.

Жобаның жалпы ауданы 7 гектарды құрайды, оның шамамен 5 гектарына құрылыс жүргізіледі. Сондай-ақ сақтау көлемі 5 мың текше метр болатын жанармай сақтайтын резервуарлық парк қарастырылған және оны болашақта қажет болғанына қарай 10 мың текше метрге дейін үлкейтуге аумақ жеткілікті.

Сонымен қатар, аталған орында 5 вагон-цистернаға құйылатын темір жол эстакадасы, сорғы станциясы және автоцистерналарға құю станциясы, трансформаторлық қосалқы станция және дизельдік электр станциясы, әкімшілік корпус, теміржол және басқа да объектілер орналастырылатын болады.

Жобамен танысқаннан кейін ескерткіш капсула салу салтанатты рәсімі өткізілді. Айта кетейік, мұнай базасының құрылысы биыл шілде айында басталады. Жобаның аяқталу мерзімі-2025 жылғы тамыз.