Нақты тапсырмалар берілді

Сейсенбі күні аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиынға аудан əкімінің орынбасарлары, аудандық деңгейдегі бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Ал, кенттер мен ауыл округтері əкімдері ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.

Күн тəртібінде үш мəселе қаралды. Алғашқы мəселе бойынша «2022 жылғы қаржының игерілуі жəне 2023 жылға арналған бюджеттік жоспарлар туралы» аудандық экономика жəне қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин баяндама жасады. Баяндамашы биылғы жылға жоспарланған қаражаттардың кейбірі ауылдарда, мекемелерде толық игерілмей, күнтізбелік жоспардан кешіктіріліп жатқанын жеткізді.

Екінші мəселеде жылу беру маусымының тұрақты түрде өткізу барысы пысықталды. Бұл мəселе аясында аудан əкімінің орынбасары Аян Əбжамалов мəлімдеме жасады. Сонымен қатар, осы мəселе төңірегінде Ұлытау ауданының төтенше жағдайлар бөлімі басшысы Данияр Мұханбетов қосымша ақпарат қосты. Бұдан кейінгі үшінші мəселе – Жаңа жыл мерекесі жайында өрбіді. Аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек мереке аясында ұйымдастырылатын іс-шараларды толығырақ баяндады.

Осы орайда күн тəртібіне шығарылған мəселелер бойынша аудан əкімі Аманжол Мырзабеков ауыл жəне мекеме басшыларына игерілмеген қаражаттарды тез арада заңға сəйкес орындауды тапсырды. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында оған қажетті көліктердің дайын болу керектігін жауапты тұлғаларға ескертті. Ал, жаңа жыл мерекесі аясында тəртіпті қатаң бақылауға ұстауды аудандық полиция бөлімінің басшысы Руслан Ділмұхамедовқа жүктеді. Бұдан бөлек отырыста, басқа да мəселелер қаралып, кент, ауыл əкімдеріне бірқатар тапсырмалар берілді.

Жиын соңында Аманжол Батырбекұлы ауданның əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін алдағы кезеңде де ілгерілетуді айтып, əрдайым жоспарлы міндеттемелерді уақытылы орындауды қадап айтты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ