Мемлекет басшысы «Жошы хан» спектакліне барды

Қойылым «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұрады. Спектакльде Шыңғыс хан мен ұлы Жошы арасындағы қарым-қатынас, олардың ел басқару ісіндегі қабылдаған шешімдері, өмірінің белгілі кезеңдері кеңінен суреттеледі. Сондай-ақ Ұлы даладағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен Жошы оғлан бейнесі Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы хан дәрежесіне дейін көтеріледі.

Тарихи драманың авторы – белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

Мемлекет басшысы қойылымды тамашалаған соң туынды авторымен және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымымен әңгімелесті.

Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, өнер ордасына ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Тиісті Жарлық қазан айында Республика күні қарсаңында жарияланады.