Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевты қабылдады
Президентке ШЫҰ-ның қазіргі қызметі мен басым бағыттары жөнінде ақпарат берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның ерекшелігіне тоқталып, оның саяси, экономикалық және мәдени салалардағы өзара ықпалдастықты арттыруда әлеуеті зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылады.
Мемлекет басшысы Ұйымның жұмысын одан әрі жетілдіру, халықаралық бірлестіктермен байланысын жандандыру, сондай-ақ Қазақстанның ұсынысымен ШЫҰ-да қабылданған «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы ілгерілету маңызды екенін жеткізді.