Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qasr Al Shatie сарайында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.
Мемлекет басшысы көрсеткен сый-құрметі мен қонақжайлығы үшін БАӘ Президентіне ризашылығын жеткізіп, «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Абу Дабиде және Дубайда өткен кездесулерді ықыласпен еске алып, келіссөздер нәтижесі екіжақты қатынастарға тың серпін бергеніне әрі ықпалдастықтың жаңа бағыттарына жол ашқанына назар аударды.
– БАӘ – біздің араб әлеміндегі басты серіктесіміз. Елдеріміздің игілігі үшін екіжақты және көпжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Мен достық, өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Аса Мәртебелі Президент мырза, Сізді өз елімде құшақ жая қарсы алуға дайынмын. Қазақстанға жасайтын сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне бастау болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалап, Қазақстанмен арадағы саяси диалог пен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды.