Машбюроның машығы Әзина Бишенова туралы бір үзік сыр

Уақыт, шіркін, жылдам ғой. Ұшқан жебедей зымырап жатқан уақытты айтамын. Алғашқы саны «Большевик туы» деп аталып, қырқыншы жылдың аяғында «Сталин туы», елуінші жылы «Коммунизм туы» болып жарық көрген кешегі – «Ұлытау өңірі» бүгінгі «Ulytau» газетіне 85 жыл толып отыр. Бүгінгі ақпарат-ертеңгі тарих деген осы емес пе?!

Газеттің мерейтойы қарсаңында бұдан бұрын қызметтес болған жандар көз алдымызға келеді. Оның біразы сырт көзге көріне қоймайтын, еңбектері елене бермейтін қызметкерлер тобы. Нақты айтқанда, газеттің қара жұмысын атқаратын солар. Бірақ өмірде өз кәсібін, өмірлік арнасын адаспай тапқан сол адамдардың еңбек жолы мағыналы. Бір салада бір мамандық бойынша еңбек еткендері де бар. Солардың бірі – «Ұлытау өңірі» газетінде ұзақ жыл терімші болып қызмет жасаған Әзина Бишенова. Ол кісінің еңбек жолы аудандық редакцияда өтті. Зейнеткерлікке де осы мекемеден шықты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Әрдайым Әзина апайдың жанарына мейірім, жанына ізгілік пен жақсылық тұнған кескін-келбеті, үнемі жадыраңқы қалыпта болатын. Жібектей есілген майда жұмсақ мінезі көпшілікке де ұнайтын. Ұзақ күн бойы жалғыз өзі отырып, тілшілердің материалдарын машинкамен теретін. Сонда да ешуақытта қабақ шытқанын көрген емеспіз. Қашан көрсек те жүзі жайдарлы, жарқын қалпында жүретін. Ол кезде қазіргідей компьютер де жоқ. Барлық материалдар машинкамен теріліп, жұмыстың ауыры Әзина апайға түсетін. Осының бәріне Әзина апай төзімділігінің арқасында шыдауындай шыдады. Табаны күректей 40 жыл еңбек етті. Сол кезде бір байқағанымыз ол кісі өте шыдамды еді. Тіпті, кейде жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатын күндері де көп болды. Сонда да Әзина апай шаршау дегенді білмеуші еді. Ертеңіне думанды кештен оралғандай, сергек қалпымен шаруасына кірісіп кететін.
Бүгінде Әзина апай көпшіліктің сый-құрметіне бөлініп жүрген ардақты әже. Ұл-қыздарын өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты шаңырақтың әжесі. Еңбекте де, отбасында да үлгілі болған осындай жанның адами қасиетін, еңбекқорлығын жұртшылыққа жайып, танытудың өзі ләзім емес пе?!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.