МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалық етуімен өткен кеңейтілген аппарат жиынына қатысты. Маңызды мәселелер талқыланған басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелер – салалық бөлімдердің басшылары шақырылды. Ал, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері байланысқа ZOOM-платформасы арқылы шықты.
Жыл қорытындыланар мерзімге аз ғана уақыт қалуы себепті, алғашқы кезекте талқыға түскен мәселе бюджет қаражатының игерілу деңгейіне қатысты болды. Ол бойынша хабарламаны аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин жасады. Күн тәртібіндегі мәселе егжей-тегжейлі қарастырылғаннан кейін аудан басшысы тиісті бөлімдер басшылары мен жргілікті әкімдерге бюджеттің сапалы негізде, тиімді әрі уақытылы игерілуі жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Басқосу барысында сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай өткізілетін іс-шаралар мен оларды ұтымды ұйымдастыру шарттылықтары хақында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбековтың есептері тыңдалды.
Ал, мемлекеттік қызмет тәртібін мүлтіксіз сақтау, мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарына жазылу жайы және басқа да ағымдық сипаттағы мәселелер бойынша ақпаратты аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Дәуітбай ұсынды.
Аманжол Батырбекұлы өзінің орынбасарларына, салалық бөлімдер басшыларына, кенттер мен ауылдық округтер әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, олардың тиянақталуын өзінің жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Ұлытау аудандық мәслихатының
баспасөз қызметі.