Маңғыстаудан Ұлытауға алғашқы пойыз келді

Тарихи сәт! Ақтау қаласынан жолға шыққан пойыз бүгін алғаш рет Жезқазған қаласының вокзалына белгіленген уақытында келіп тоқтады. Бұл – өңірлер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретін маңызды оқиға.

Жаңа теміржол бағыты Ұлытау облысының үш ірі стансасын қамтиды: Жаңаарқа ауданының Атасу кенті, Жезқазған қаласы және Ұлытау ауданының Қоскөл ауылы. Осылайша, тұрғындардың қатынау мүмкіндігі едәуір жеңілдеп, сапар уақыты мен шығыны қысқара түспек.

Тасымалдаушы «Ulytau Express» ЖШС директорының орынбасары Марғұлан Атамбаевтың айтуынша, пойыз вагондары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы купелер қарастырылған. Сонымен қатар, сапар жайлылығын арттыратын қызметтер мен ыңғайлы пакеттер ұсынылады.

Жолаушылар да жаңа бағыттың іске қосылғанына ерекше қуанышты.

Үміт Бурабаева:
«Бұл күнді он жылдан астам уақыт күттім. Билет бағасы да өте қолжетімді – небәрі 12 мың теңге. Бұрын бірнеше рет ауысып мінуге тура келетін, соның салдарынан уақыт та, қаражат та көп кететін. Енді бәрі әлдеқайда жеңіл әрі тиімді болды», – дейді.

Айта кетейік, Қарағанды–Маңғыстау бағытындағы пойыз қозғалысы 1 сәуірден бастап іске қосылды. Жезқазғаннан Ақтауға дейінгі жол жүру уақыты шамамен 29 сағатты құрайды.