Мақсат – азық-түлік бағасын тұрақтандыру

Аудан əкімдігі мен аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен əлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөнінде жиын өтті. Жиын аудан əкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ төрағалығымен өткізілді. Аталған жиынға аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади ОБАЙДУЛЛИН, аудандық кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімінің басшысы Гүлнар АУҒАНОВА, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жасұлан МҰХАНБЕТОВ, «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Аманбек СҮЛЕЙМЕНОВ, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Баянқұл АМАНЖОЛОВ жəне жеке кəсіпкерлер қатысты. Ал, кент, ауыл əкімдері мен ауылдағы кəсіпкерлер онлайн ZOOM платформасы арқылы қосылды.

Жиында 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі облыста құрылған тұрақтандыру қорынан бөлінетін əлеуметтік азық-түліктерді алу механизмі, тауар түрлерінің шекті бағалары, тауар ассортименттерін көбейту жолдары айтылды. Қаралған мəселе бойынша аудан кəсіпкерлері өз ойларын ортаға салды.

Сонымен бірге, халықты азық-түлік тауарларымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етудегі аудан əкімдігі тарапынан «Жол картасының» жобасы жасалып, талқыланды. Жол картасында əрбір кент, ауыл округтерінің əкімдеріне биыл қоғамдық бау-бақша өсіруді қолға алу ұсынылды. Осы жұмыс бойынша «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы грант беру, маусымдық жəрмеңкелер ұйымдастыру, Ұлытау, Жезді кентінде базар сөрелерін немесе павильондар орнату, елді мекендерден көкөніс сақтау қоймаларын салу т.б. шараларды іске асыру жолдарын қарастыру тапсырылды.

– Өздеріңізге белгілі, ішімдіктің салдарынан ауданымызда ауыр қылмыстар тіркеліп отыр. Сол себепті кұрметті кəсіпкерлер заңмен белгіленген жасқа толмаған азаматтарға жəне заңмен шектеу қойған уақыттан асқан соң алкогольдік сусындарды сатпауларыңызды сұраймын жəне де заңға қайшы іс-əрекеттер анықталған жағдайда қатаң жауапкершілік болатынын ескертемін, — деді аудан прокуроры Рахымжан Рахатов.

Аудан кəсіпкерлері – Ерлан Жарасбаев, Қайрат Байболов, Мағауия Омаров, Сымбат Есмағанбетова өз ойларын ортаға салды.

Жиын соңында Мақсұт Сəрсембайұлы кəсіпкерлерден əлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында жасалып жатқан жұмысқа үлкен түсіністікпен қарауға жəне біркісідей атсалысуға шақырды.

Аудан əкімінің баспасөз қызметі.