Мәслихаттар мерейтойын атап өтті
ҚР Мəслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуы құрметіне орай Ұлытау облысының орталығында салтанатты жиын өтті. Кеште «Ұлытау облысының мəслихаттары» атауымен тарихи кезеңнен сыр шертетін кітаптың тұсауы кесілді.
Іс-шарада өңір басшысы Дастан Рыспеков облыс бойынша барлық деңгейлі халық қалаулыларын, ардагерлер мен өзге де жиналған қонақтарды құттықтап, бірқатар шақырылымда депутатық мандатта еңбегі сіңген азаматтарға Ұлытау облысының Құрмет грамотасын табыс етті.
Тарихи кезеңнен тұратын айрықша күнде Ұлытау облысы мəслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов құттықтау сөзін арнап, бірқатар азаматқа мерекелік марапат табыстады.
Бұл ретте ел дамуына, мемлекеттік басқару ісін жетілдіруге, жаңа облысымыздың жандануына қосып келе жатқан қомақты үлесі үшін бірқатар халық қалаулысы ҚР Сенатының Құрмет грамотасына, Алғыс хаттарына, ҚР Су ресурстары жəне ирригация, Ұлттық экономика, Экология жəне табиғи ресурстар, Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасына, Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарына ие болды.
Сонымен қатар, Болатбек Асқар мен Нұрбек Кульжанов Қазақстан Республикасы Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігінің ІІІ дəрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Өз тілшімізден.