Ұлытаудың өнерін ұлықтаған тұлға

Бүгінгі әңгіме арқауы бар саналы ғұмырын Ұлытау облысының мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне арнаған өнерпаз – тума дарын, жоғары санатты маман, хор дирижері әрі сүйемелдеуші – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері Марат (Жақсылық) Өтеубекұлы Шоқтаев туралы болмақ.

«1952 жыл соғыстан кейінгі, ел есін енді жинап жатқан жоқшылық уақыт, радио-теледидар деген жоқ. Өтеубек әкей кезекті іссапардан патифон сатып әкелгені бар Рудникке жаңалық болды. Кешкісін патифонды есік алдына үстел үстіне қойып, бар жиналған көрші-қолаң жерге алқа-қотан отырып, патифон музыкасын тыңдайтын. Осындай қиын кезеңді көрдім», – деп еске алады Марат аға. Жыршы-ақын, жерлесіміз Шынболат Ділдебаев ағамыздың: «Қайран менің төртіншім-ау, төрт қалаға бергісіз!» деп жырлаған, ел «4 км» (ЧКМ) атап кеткен Рудник деген жұмысшылар поселкесінде Қарсақбайдан көшіп келген өнерге құштар Марат кішкентай кезінен сауда мекемесінің жабдықтаушысы болып істейтін балажан әкесі Өтеубек Новосибирскіге іссапарға барғанда балаларына бір қап базарлық, ал өнерге құштар тұңғышы Маратқа арнайы 25 тілді гармонды сатып әкеліп береді. Сол түні ұйықтамастан кіреберісте отырып алып, анасы Кеніш пен нағашы апасы қосылып айтатын барлық әндерін сырнайға таң атқанша салып, үйреніп, Марат бір түнде «сырнайшы бала» атанады. Бойындағы бар құймақұлақтық, табиғи таланттың оянуына әкесі осылай серпін берген еді.
Бұл жаңалықты естіген «Горняк» клубының көркемдік жетекшісі Шынболат аға «көктен тілегені, жерден табылғандай» үйге іздеп келіп, ата-анасынан рұқсат сұрап, төртінші сынып оқушысы Мараттың өзімен келісіп, оны «Горняк» мәдениет үйіне сүйемелдеуші қылып жұмысқа қабылдайды. Ең бірінші концертке Шынболат аға қолынан жетектеп шығып: «Мына бұйра бас, қара бала табиғи талант, болашақта нағыз өнер жұлдызы болатын “самородный сары алтын”, өнерпаз, есімі – Жақсылық Өтеубекұлы Шоқтаев болады. Ал енді өнерін тамашалаңыздар», – деп сахна төріндегі орындықты нұсқайды. «Киелі өнер жолына келген жолындағы тұсауымды Шынболат ағам өзі осылай кескен еді», – дейді мақтанышпен Мәкең.
Бозбала Маратқа демалыс күндері мәдениет үйінде кеншілерге концерттерін сырнаймен сүйемелдеп тұру жауапкершілігі жүктеледі. Мараттың беделі өсіп, кластас достарын киноға тегін кіргізіп абыройы асқақтай түседі. Сөйтіп жүргенде 1961 жылы мәдениет үйіне Қарағандыдан баяншылар дайындайтын алты айлық курсқа шақырту келеді. Барлық музыкалық шығармаларды нотасыз жадының мықтылығымен үйреніп алып тартып жүрген Марат бұл шақыртуды қуана құп алады. Наурыз айынан тамыз айына дейін бар ынта-жігерін салып оқып, курс бағдарламасын «үздік» деген бағамен тәмамдайды.
Мұнда баяннан Валентина Кочурина деген кәсіби музыка маманы дәріс береді. Осы курс оның болашағына кең жол ашып, ол курсты құймақұлақ, алғырлығының арқасында үздік бітіріп, репертуарын молайтып, Рудникке толыққанды маман болып оралады.
1963 жылы қаңтар айының басында концерттік сапармен Рудникке Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Сара Мамытованың концерттік тобы келіп өнер көрсетеді. Ертеңінде күтпеген жағдай болады – топтың сүйемелдеуші-аккордионисті жоғалып кетеді. Осы кезде «Горняк» мәдениет үйінің директоры Василий Совчишкиннің ұсынысымен Марат шақыртылып, Сара апай бірден ұнатып, оны сүйемелдеуші ретінде жұмысқа қабылдайды. Осылайша оның гастрольдік өмірі басталады. Ағадыр, Балқаш арқылы Алматыға жетіп, кейін «Қазақконцерт» бірлестігінде штаттық қызметке қабылданады.
Бұдан кейін ол КСРО-ның халық әртістері Жамал Омарова мен Роза Бағланованы сүйемелдеуге мүмкіндік алады. Жас өнерпаздың кәсіби шеберлігіне тәнті болған әншілер оны жоғары бағалайды. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Рәбиға Есімжанова мен Сара Мамытованы сүйемелдеп, ел ішінде гастрольдік сапармен кеңінен танылады.
1963 жылы қыркүйекте елге оралып, әскерге шақырылып, Германиядағы әскери қызметін абыроймен өтейді. Үздік мергендігі үшін генерал-лейтенант Лихачевтың қолынан марапат алып, елге 10 күндік демалысқа жіберіледі. Әскерден старшина шенінде оралады.
Елге келген соң қайтадан «Горняк» мәдениет үйінде еңбек жолын жалғастырады. 1967 жылы Амангелді совхозында хор ұжымын құру тапсырылып, оның жетекшілігімен «Сарлық самалы» ән-би ансамблі дүниеге келеді. Ұжым қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, «Халықтық» атаққа ие болады.
Марат Шоқтаев Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыка училищесін үздік бітіріп, кәсіби білімін шыңдайды. Кейін мәдениет саласында түрлі қызметтер атқарып, бірнеше ұжымдардың дамуына үлес қосады.
1980 жылдары Ұлытауда «Тау гүлі» хор ұжымын құрып, оны жоғары деңгейге көтереді. Ұжым Мәскеуде өткен Бүкілодақтық байқауда «Күміс» медаль жеңіп алып, үлкен жетістікке жетеді.
Сонымен қатар Жезқазғандағы музыка мектебінің құрылысынан бастап, оның «Өнер мектебіне» айналуына зор үлес қосады. Бұл білім ордасының қалыптасуына қосқан еңбегі айрықша.
Мәкең Жезқазған облыстық Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында музыка жетекшісі болып қызмет атқарып, өнердің дамуына үлкен үлес қосты.
Өнер адамына тән мінезбен әділдікті ту еткен ол әрдайым талапшыл, тәртіпті жоғары қоятын тұлға ретінде танылды. Оның ұстанымы – сапалы өнер мен темірдей тәртіп.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да, Мәкең әлі де тың. Таңертең стадионда жүгіріп, музыкалық дайындықтарын үзбей жалғастырып келеді.
«Шіркін, баянда жадымен ойнайтын жастарға білім жетілдіру курсын ұйымдастырып, тағы да “Сарлық самалы”, “Тау гүлі” секілді халықтық ұжымдар дайындасам» деген арманы бар.
Өнер үшін туған тұлғалар осындай болса керек.

Серік ОСПАНОВ,
өнерзерттеуші,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,
облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының Халық шығармашылығы бөлімінің басшысы.