Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесіне өзгерістер енгізілді

Бұдан былай небәрі 5–7 жұмыс күнінде «Е-қызмет» арқылы мемлекеттік қызметші атануға болады. «Жеке қасиеттерді бағалау» нәтижесі 1 жыл бойы жарамды. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі жаңартылып, іріктеу процесі толық автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізілуде.

Үміткерлер конкурсқа қатысу үшін өтініштерін онлайн түрде eqyzmet.gov.kz сыртқы интернет-порталы арқылы береді. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерінің ашықтығын арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалау тестінен өтуі тиіс.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бойынша жүргізіледі.
Барлығы 55 сұрақтан тұратын тестілеуде кемінде 30 дұрыс жауап беру қажет және әрбір нормативтік құқықтық акті бойынша кемінде 5 дұрыс жауап болуы тиіс.
Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуі 3 бағдарлама бойынша өткізіледі.
Бірінші бағдарлама басшылық лауазымдарға арналған және онда көшбасшылық, стратегиялық ойлау, жауапкершілік, нәтижеге бағдарлану сияқты 10 құзырет бағаланады.
Екінші бағдарлама басшылық емес лауазымдарға арналған және 7 құзыретті қамтиды.
Үшінші бағдарлама жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі әкімшілік лауазымдарға арналған, онда үміткердің эмоционалдық, әлеуметтік және логикалық ойлау қабілеті бағаланады.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері мен жеке қасиеттерді бағалау қорытындылары тест тапсырылған күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады. Осы мерзім ішінде кандидаттар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатыса алады. Сонымен қатар, жеке қасиеттерді бағалау тестілеуін ай ішінде үш ретке дейін тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Конкурсқа қатысу үшін ең жоғары балл жинаған ТОП-5 кандидат жіберіледі. Кандидаттар конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттарды жеке кабинет арқылы жолдайды. Құжаттарды растау кезінде электрондық еңбек кітапшасы немесе білім туралы құжаттардың көшірмелері eGovMobile, Kaspi.kz қосымшалары арқылы ұсынылуы мүмкін. Алайда білім туралы құжаттардың қосымшалары да қоса берілуі тиіс.
Кандидат жалпы конкурсқа қатысуға жіберілгеннен кейін жүйе кандидатты иесіздендіру үшін оған дербес сәйкестендіру нөмірін береді.
Басшылық лауазымдарға кандидаттар эссе жазады және әңгімелесуден өтеді. Жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ТОП-5 кандидат 250 сөзден аспайтын эссені онлайн режимде мемлекеттік немесе орыс тілінде жазады. Эссе жазу барлық басшылық лауазымдар үшін міндетті. Эссе жазу кезеңінен өткен кандидаттар бейнебайланыс арқылы өтетін, кәсіби сипаттағы сұрақтар қойылатын әңгімелесуге шақырылады.
Басшылық емес және төменгі лауазымдарға кандидаттар практикалық бағалаудан өтеді. Жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ТОП-5 кандидат бір жұмыс күні ішінде екі практикалық тапсырманы қашықтан орындайды.
Басшылық емес лауазымдар үшін:

1. аналитикалық жазба дайындау;
2. ресми сауалдар мен хаттар дайындау немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау.
Жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдар үшін:
ашықтықты, ойды анық әрі қисынды түрде білдіру қабілетін анықтауға, сондай-ақ жеке құзыреттері тұрғысынан жалпы сипаттағы екі сұраққа жазбаша жауап ұсыну бойынша жүзеге асырылады.
Практикалық тапсырмаларды бағалау конкурстық комиссия мүшелерімен келесі жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Жүйе барлық баллдарды автоматты түрде есептейді.
Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуден және жалпы конкурс кезеңдерінен ең көп жиынтық балл жинаған кандидат жалпы конкурс жеңімпазы ретінде анықталады. Бірнеше кандидаттың баллдары тең болған жағдайда еңбек өтілі көп кандидат жеңімпаз болып танылады. Еңбек өтілі тең болған жағдайда білім деңгейі қарастырылады. Еңбек өтілін талап етпейтін лауазымдарға кандидаттардың баллдары тең болған жағдайда еңбек өтілі есептелмейді. Баллдары, еңбек өтілі және білім деңгейі тең болған жағдайда жеке қасиеттерді бағалау кезеңінің нәтижесі бойынша баллдар ескеріледі.
Конкурстық рәсімдердің жалпы мерзімі 5–7 жұмыс күнін құрайды (құжаттарды қабылдау және қарау – 3 жұмыс күні, конкурс кезеңдері – 3–4 жұмыс күні).

Айнұр ӘБІКЕНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.