Ұлытау облысының мектептерінде 90 заманауи кабинет жабдықталып, 30 спорт алаңы жаңғыртылады

Ұлытау облысында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және балаларға қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен биыл облыс мектептеріндегі физика, химия және биология пәндеріне арналған 90 оқу кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы 30 мектептің спорт алаңдарын заманауи талаптарға сай жаңғырту басталады. Жобаға 2,8 млрд теңге қарастырылған. Спорт алаңдары жарықтандыру жүйелерімен де жабдықталады.

Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басқа бағыттарда да жалғасуда. Президент тапсырмасына сәйкес еліміздегі мектептерді реновациялау жобасы аясында Ұлытау облысындағы 18 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бұл білім беру ұйымдарында 12,7 мыңнан астам оқушы білім алады.

Сондай-ақ Жезқазған технология және сервис колледжі мен Жезқазған музыкалық колледжінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Балалардың шығармашылық және кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жезқазған қаласының 91-шағын ауданында «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы пайдалануға берілсе, Ғалым Жарылғапов атындағы Аграрлық колледжде «JasStart» студенттік бизнес-идеялар орталығы ашылды.

Жаңа оқу жылында Қаражал қаласында және Жаңаарқа ауданының Манадыр станциясында 80 орындық жаңа мектептер пайдалануға беріледі.